«Қыз Жібек» операсында алғаш рет ұлттық аспаптар қолданылады

«Қыз Жібек» операсында алғаш рет ұлттық аспаптар қолданылады
Фото: Karla Nur

«Астана Опера» театры мәнерлі, операның барлық қағидасына сай әуенді келген Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» қойылымын ұсынады. Тұсаукесер 10-11 ақпанда өтеді. Отандық, классикалық өнердің тарихында Симфониялық оркестрмен бірге операда алғаш рет қазақтың ұлттық аспаптары қолданылады.

Қоюшы режиссер – Беларусь Үлкен театры мен Самаралық опералық театрдың бас режиссері Михаил Панджавидзе (Ресей), жаңа музыкалық редакцияның авторы, қоюшы дирижер – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Костюм және сценография суретшілері – Софья Тасмағамбетова және Павел Драгунов. Режиссердің ассистенті – Ерен Тойкенов, кеңесші – PHDдокторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асқат Майемеров.

Қазақтың тұңғыш операсы – Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегі» 1934 жылы қойылған. Либреттосын аса көрнекті халық жазушысы Ғ.Мүсірепов халықтың аттас лиро-эпостық поэмасын негізге ала отырып жазған. Туынды қазақ халқының поэзиялық мұрасының бар әсемдігін жиған.

Бұл Жағалбайлы мен Шекті руларынан шыққан қос ғашық – айбынды жауынгер Төлеген мен сұлу Жібектің арасында өрбіген жүрек тербетер махаббат жайлы оқиға. Рулар арасындағы қарама-қайшылық, сондай-ақ Бекежанның қызғанышы қайғылы жағдайға әкеліп соғады. Төлеген қарсыласының қолынан мерт болады.

Айта кетерлігі, бастапқыда спектакль қазақтың белгілі күйлері мен әндерінің музыкалық цитатасымен қатар, опера әншілері драмалық спектакльдегідей сахнада тұрып әңгіме түрінде жүргізетін диалогтардан құралды. Сол себепті, аталған шығарма операға емес, көбіне музыкалық-драмалық жанрға келетін. Жаңа музыкалық редакцияда маэстро Абзал Мұхитдинов әңгіме түріндегі диалогты музыкалық речитативпен ауыстырып, Е. Брусиловский сияқты қазақтың белгілі әндері мен күйлерінің музыкасын пайдалана отырып тағы бірнеше эпизод қосты.

– Е. Брусиловскийдің музыкасы принциптік тұрғыда өзгерген жоқ. Сонымен қатар, біз спектакльдің бұған дейінгі белгілі қойылымдарда қолданылмаған бірнеше музыкалық номерін қайта қостық. Жаңа редакциядағы опера формасы жағынан да, мағынасы жағынан даөте серпінді. Енді музыкалық речитатив пайда болғаннан кейін, солистер, сәйкесінше, өздерін жайлы сезінеді, неге десеңіз, вокалшыларға қарағанда өзін-өзі көрсетудің мүлдем басқа әдіс-тәсілдерін қолданатын драмалық актердің кейпін киюдің қажеттілігі жоқ. Қазақтың сөз орамының ырғағы мен екпіні операда нотамен белгіленді, сондықтан оны кез келген кәсіби вокалшы, тіл білмейтін адам да орындай алады. Операның партитурасы айтарлықтай өзгеріске ұшырады – қолжазба кезіндегі қателер түзетілді, оркестрге анағұрлым ыңғайластырылды. Клавирі мен партитурасы толық сәйкестендірілді, енді опера опералық жанрдың барлық талабына сай келеді, – деді сөзін түйіндеген қоюшы дирижер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

Маэстро бұрын-соңды болмаған балалар хорын қосты, сонымен қатар ұлттық аспаптарды жеке һәм «Астана Опера» Симфониялық оркестрімен бірге ойнайтындай етіп пайдаланды. Осылайша классикалық аспаппен қатар, тыңдарман халық аспаптарын – домбыраны, қылқобызды, шаңқобызды, жетіген мен кернейді тамашалайды.

Өзінің бірегей стилистикасымен және опералық материалмен өзгеше жұмыс жасайтындығымен ерекшеленетін қоюшы режиссер Михаил Панджавидзе, көрерменді бұл жолы да таң қалдырғысы келеді. 

– Туындының түпнұсқадан айырмашылығы бар, ол жаңа бағытта қойылады. Өзгеріс музыкалық формасына, кейіпкерлерді сомдауға енгізілді, енді олар психологизм тұрғысын алғанда  бұрынғыдан да қаныға түседі. Айталық, бас кейіпкердің бейнесі мистикалық күйге енеді: енді ол жыл мезгілінің ауысуына әсер етеді. Тіпті Жібектің өлімі физикалық тұрғыдағы өлім ретінде емес, жыл мезгілінің ауысуы – қыс түсіп, одан кейін жаңа жылдың басталуы – мәңгілік жаңару түрінде қарастырылады. Махаббаттың күші жайлы баяндайтын шығарма, өте терең. Бұл өте керемет әрі тым қатігез сезім, адам тағдырын жайнатып та тас-талқан етегу қауқарлы. Біз көрерменнің спектакльді тамашалаған соң, қазақ халқында осындай ұлы шығарма барын мақтан тұтқанын қалар едік, – деп атап өтті қоюшы режиссер Михаил Панджавидзе. 

Қазақ халқының дәстүрімен, мәдениетімен һәм тұрмысымен жіті танысқан Беларусь елінде жұмыс жасайтын ресейлік режиссер «Қыз Жібек» операсына қызыға кірісті. Бұл оның Қазақстанда ұлттық опера қоюдағы алғашқы жұмысы болғанмен, Панджавидзе елордалық көрермен мен және қазақстандық опера әншілерімен әлдеқашан таныс: ол 2010 жылы К. Бәйсейітова атындағы театрда Ж. Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсын қойған.

Г. Берік