«Біржан-Сара» операсы – «Астана Опера» театрында

«Астана Опера» театрының солисі Мәдина Исламова Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Алтынайдың партиясын алғаш рет орындайды. Қазақтың опера өнерінің жауһарына айналған спектакль 22 қаңтар күні Үлкен зал сахнасында қойылады.

Музыкалық жетекші, қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, спектакльге дирижерлік ететін – Руслан Баймұрзин.

Біржан партиясын орындайтын – Бейімбет Таңарықов, Сара – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Жанбота – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықпаев, Аналық – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Алтынай – Мәдина Исламова, Жиенқұл – Талғат Ғалеев, Қожағұл - Ескендір Әбжанов, Серік – Рамзат Балакишиев, Естай – Нарұл Тойкенов.

Операда шығармашыл тұлғаның еркіндікке деген күресі айқын бейнеленеді, бас кейіпкерлер – Біржан мен Сара – махаббат пен бақыт үшін құқықтарын қорғайды. Бұл қойылымның 70 жыл бойы орындалып келе жатқан өзге туындылардан ерекшелігі – ешбір ықшамдаусыз, маэстро Абзал Мұхитдинов жүзеге асырған музыкалық редакцияда қойылуында. «Астана Опера» театры репертуарының көркіне айналған «Біржан-Сара» операсы шетелдерде де сәтті орындалып келеді.

Қызғаншақ Алтынай партиясын театрдың солисі, Вена консерваториясының түлегі Мәдина Исламова (сопрано) орындайды. Әншінің жеке орындау бойынша Барбара Бонни, Джанет Перри, Кристина Лаки, Ута Швабе, Зигфрид Булибасич, Элена Лазарск және тағы басқалардың шеберлік сабағынан өткенін айта кетейік. Ал, актерлық шеберлігін ол Тито Капобьянко (Австрия, 2015) және Эндрю Синклер (Ұлыбритания, 2012-2013) сынды атақты режиссерлармен шыңдаған. Белгілі пианиношылар Норман Шетлер (Австрия) және Матиас Ладеманмен (Алмания) бірлесіп жұмыс жасады. 

Бөлісу: