Ыдырыс Ноғайбаев пен Фәрида Шәріпова – "Олар ұлы актер!"

Ыдырыс Ноғайбаев пен Фәрида Шәріпова – "Олар ұлы актер!"
Фото: www.auezov-theatre.kz/kk

20 желтоқсан күні М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында КСРО халық әртістері, ҚазССР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттары, актер Ыдырыс Ноғайбаевтың 85 жылдығы мен актриса Фәрида Шәріпованың 80 жылдық мерейтойына орай еске алу кеші өтті.

Кешке әйгілі актерлердің көрермендері, өмірде дос, сахнада серіктес болған аға буын актерлер, театр ұжымы, журналистер қатысты.

Кеш шымылдығы Ыдырыс Ноғайбаевтың шығармашылық жолы туралы деректі видеомен ашылды. Онда актердің өмірі мен шығармашылық жолы көрсетіліп, ол түскен кинолардан үзінділер көрсетілді.

Еске алу кешінің алғашқы сөзі КСРО халық әртісі, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовке беріліп, ол өз сөзінде Ыдырыс Ноғайбаев пен Фәрида Шәріпованың өмірдегі, өнердегі адами болмыс-бітімдерін, өнердегі ерекше, өзгеше таланттарын, еңбекқорлықтарын айта келіп: «Олар ұлы актер! Ұлы адам!» деп ұзақ жылдар сахналас серіктес, өмірде дос-жаран болған замандастарына жоғары баға берді.

Әшімовтің жүрекжарды естелік сөзінен кейін Фәрида Шәріпованың шығармашылық жолы өрнектелген деректі видео көрсетілді. Онда Шәріпова ойнаған спектакльдер мен кинолардан үзінді көрсетілді.

Кешті Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев өз естелігімен жалғады. Оразбаев өз сөзін биік адами болмыс туралы өлеңмен өріп бастап, Фәрида Шәріповамен бірге оқыған, сахнада талай қойылымдарда бірге ойнаған кездерінен жылы естелік айтып, қазақ театр және кино өнерінің шарықтап дамыған алтын дәуіріндегі қос мұзарт шың – Ыдырыс Ноғайбаев пен Фәрида Шәріпова екенін атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаева, Қазақстанның халық әртісі, театр режиссері Есмұқан Обаев, Қазақстанның халық әртісі Роза Әшірбековалар Ыдырыс Ноғайбаев пен Фәрида Шәріпованың өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтып, көрермен көңілінде атақты актерлердің бейнесін қайта тірілткендей болды.

Кеш соңында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Ерлан Біләл сөз алып, Фәрида Шәріпова жайлы естелік айтып, еске алу кешіне келген көрерменге алғыс білдірді.

Кешті театр актерлері Абай әндерімен көмкерді.

Өміржан Әбдіхалықұлы

А. Оралқызы