Сахнаның Майрасы. Раушан Әуезбаева

Сахнаның Майрасы. Раушан Әуезбаева
Фото: www.auezov-theatre.kz/kk

Өткен аптада М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында актриса Раушан Әуезбаеваны еске алу кеші болды.

Кешке Раушан Әуезбаеваның қызы – Салтанат Қабдікәрімқызы, театрдың аға буын актерлері: Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, Баян Имашева, Салиха Қожақова және режиссер Есмұхан Обаев қатысты.

Кеш шымылдығы актриса Раушан Әуезбаева орындаған Майраның әні «Майрамен» ашылды. Актрисаның өнердегі ең биік образдарының бірі болып есептелетін Майра рөліндегі бейнесі мен шырқаған әні көрерменді сүйікті актрисамен қайта қауыштырғандай күйге енгізді. Тарихи видеомен ашылған кештің алғашқы сөзін Қазақстанның Халық әртісі Сәбит Оразбаев өз естелігімен жалғастырды. Оразбаевтың Раушан Әуезбаевамен бірге оқыған, кейін театрда бірге істеген қызыққа толы жылдардан айтқан естелігінен кейін радио мұрағатынан алынған Раушан Әуезбаеваның орындауындағы әндер қойылды.

Әуезбаева орындауындағы тарихи таспадағы әндер кешке жиналғандарды да ерекше күйге бөледі. Өз кезегінде сөз алған Есмұхан Обаев, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, Баян Имашева, Салиха Қожақовалар да жүрекжарды естеліктерін айтып, Әуезбаеваның бөлекше актрисалық талантын ол ойнаған рөлдері арқылы айшықтай әңгімелей келіп, оның әншілігіне әлі күнге таңданыстарын жасырмайтындарын, қазақ театр өнерінде қайталанбайтын бөлекше дауыс иесі болғанын тебірене еске алды. Торғын Тасыбекова сырлас, жан аямас досы болған Раушан Әуезбаеваға арнап «Өмір-өзен» әнін шырқады.

Театр актерлерінің хоры шырқаған Абайдың «Көзімнің қарасы» әні кештің сәнін кіргізсе, әйгілі адамдар сериясымен жарыққа шыққан Раушан Әуезбаева туралы кітап кештің үлкен сыйы болды.

Кеш соңында Раушан Әуезбаеваның қызы Салтанат Елшібекова-Әуезбаева өзінің және отбасы, туған-туыстарының атынан театр директоры Ерлан Біләлге, театр ұжымына Раушан Әуезбаеваның 80 жылдық еске алу кешін ұйымдастырудағы зор еңбектері үшін алғыс айтты.

Салтанат Қадікәрімқызы болашақта Раушан Әуезбаева атындағы мәдениет пен өнерді қолдайтын қор құру туралы  жоспары бар екенін де айтты.

Осылайша, Әуезов театры сахнасында ширек ғасыр еңбек етіп, қырыққа жуық әртүрлі образдар жасап, көрерменнің мәңгілік жүрегіне орныққан актриса Раушан Әуезбаеваның өлмес өнерінің жалғасындай болған кеш те көрерменнің көңіл төрінен орын алды.

Өміржан Әбдіхалықұлы

Аталмыш шара алдын өнер сүйер қауым назарына театр холлында өзінің қысқа ғұмырында қазақ сахна өнерінің жауһарына айналып үлгерген Раушан Әуезбаеваның  шығармашылығы мен жеке өмір жолына арналған суреттер көрмесі ұсынылды.

Сіздерге осы кештен естелік фотосуреттерді және  алдағы уақытта жоғарыда аталып өткен әйгілі адамдар сериясымен жарыққа шыққан Раушан Әуезбаева туралы кітаптан үлгі болар тұлғаның замандастары жазған әдемі естеліктер ұсынамыз.

А. Оралқызы