КСРО халық әртістері Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпованы еске алу кеші өтеді

КСРО халық әртістері Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпованы еске алу  кеші өтеді
Фото: vk.com

Кеш 20 желтоқсанда, яғни, бүгін М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында сағат 17:00-де өтеді.

ҚазКСР және КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығы лауреаты Ыдырыс Ноғайбаевтың туғанына 85 жыл.

Қазақтың ұлы актері Ыдырыс Ноғайбаев 1931 жылы Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келді. Алматы Көркемөнер училищесін, 1954 жылы Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік Театр өнері институтын үздік бітірді. Бір топ курстасымен  М.Әуезов театрының актерлік тобына қабылданған ол өмірінің соңына дейін осы сахнада өнер көрсетті.

Театрдағы дебютін М.Горький драмаларынан бастаған талантты жас актер шығармашылық жолында небір классикалық та, заманауи да шоқтығы биік күрделі рольдер орындады. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Есен, «Қарақыпшақ Қобыландысында» Қобыланды, «Абай» қойылымында Абай, «Айман-Шолпанда» Көтібар, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қарабай, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Қален, Т.Ахтановтың «Ант» қойылымында Сауран сұлтан, Қ.Бекхожиннің "Ұлан асуындағы" Абылай; Ш.Айтматовтың «Жәмиласында» Данияр, «Ана-Жер-анасында» Сыбанқұл, «Ақ кемесінде» Орозқұл,  Т.Ахтановтың «Боранында» Қоспан, т.б. көптеген бейнелерінің қай-қайсысы да жеке-дара сипат алуымен қатар жинақтық мәнге көтерілді. Өйткені актер орындаған рольдерінің әлеуметтік тұғырын дәл таба отырып, психологиялық тереңдіктерге құлаш ұрды.

Түр-тұлғасына болмысы сай, ірі талант иесінің әлемдік драматургиядан жасаған Н.Хикметтің «Фархад-Шырыныдағы» Фархад, Шекспирдің «Отеллосындағы» Отелло, «Асауға тұсауындағы» Петручио, Лопе де Веганың «Қызғаныштан-махаббатындағы» Теодоро, В.Дельмардың «Баянсыз бағындағы» Барклей, А.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» қойылымындағы Астров, О.Ио­­­селианидің «Ар­баң аман болсын» спектаклінде Агабо, т.б. бейнелері театрдың ғана емес, жалпы қазақ сахнасының көркемдік жетістіктері болды.

Кең планды, кесек бейнелер сомдаған актер Ноғайбаевтың ұлттық кино өнеріне сіңірген еңбегі де ерен.  «Қазақфильм» киностудиясы фильмдерінде – «Ботакөзде» Амантай, «Өмір жолындада» Оспан, «Асудада» Данияр, «Алғашқы мүғалімде» Нармағанбет, «Қилы кезеңде»  Бәйтенов, «Қыз Жібекте» Сырлыбай, «Нан дәмінде» Кемелов, т.б. бейнелерін өмірдегідей шынайы жетізе білген актер қырғыз елінің көптеген фильмдеріне түсті.

Көрнекті тұлғаның ұстаздық қызметі де табысты болды. Ол Республикалық Эстрада студиясында, Театр және Көркемсурет институтында тәрбиелеген шәкірттер  бүгінгі таңда қазақ өнеріне адал да жемісті еңбек етіп жүр.

Азаматтық үні биік, хас шебер, көрнекті тұлға Ы.Ноғайбаевтың ұлттық өнерге сіңірген аса зор еңбегі лайықты бағасын алып,  ҚазКСР халық артисі (1966), КСРО халық артисі (1982) атақтары берілді. «Қан мен тер» спектакліндегі Қален ролі үшін (1974) және «Нан дәмі» фильміндегі Кемелов ролі үшін (1980) екі мәрте КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды.

Бүгінде Алматы облысы, Іле ауданындағы №18 орта мектепке Ы.Ноғайбаев есімі берілген. Актердің өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылған.

КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтар лауреаты Фарида Шәріпованың туғанына 80 жыл.

Фарида Шәріпова 1936 жылы ҚХР Шәуешек қаласында дүниеге келген. Талантты жас қыз өнерімен танылып, «Хасен-Жәмила» көркем фильміне түскен, 1955 жылы бала күнінен бергі асыл арманы орындалып, туған елге оралған. Сол жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөліміне түсіп, оны 1959 жылы бітірген соң бір топ талантты құрбы-достарымен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданады.

Театрдағы алғашқы кәсіби қадамын  Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Баяннан бастап жүзге тарта роль орындаған көрнекті актриса ерекше таланты, жанкешті еңбекқорлығы, тынымсыз ізденістерінің арқасында қазақ сахнасының үлкен тұлғасына айналды. Театр репертуарындағы қойылымдардың барлығында дерлік басты рольдерді орындаған актриса Шәріпованың бұл ретте Ғ.Мүсіреповтің «Айман-Шолпанында» Шолпан, М.Әуезовтің «Абайында» Ажар, «Қарақыпшақ Қобыландысында» Қарлыға, «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, «Таңғы жаңғырығында» Қатша, «Қарагөзінде» Қарагөз,; Ш.Айтматовтың  «Жәмиласында» Жәмила,  Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» Толғанай, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Ақбала, Т.Ахтановтың «Боранында»  Жаңыл, О.Бөкейдің «Құлыным меніңінде» Анар, Қ.Мұхамеджановтың  «Көктөбедегі кездесуінде» Гүлжан, «Біз періште емеспізінде» Асыл, С.Балғабевтың «Ғашықсыз ғасырында» Фарида, сондай-ақ әлем драматургиясынан Еврипидтің «Медеясында» Медея, «Софоклдың «Эдип патшасында» Иокаста, Шекспирдің «Асауға-тұсауында» Катарина, «Ричард III» трагедиясында Леди Анна, «Кориоланында» Волумния, А.Пушкиннің «Шағын трагедияларында» Донна Анна, М.Каорудың «Шығыстағы бір беейбағында» Нунобике Кэй, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Миранда, тағы да басқа көптеген рольдерін атауға болады.

Көрнекті актриса шығармашылық белсенді ғұмыр кешті. Кино өнеріне де өзіндік үлес қосып,  «Жол торабы», «Тұлпардың ізі», «Жорғаның жүрісі» («Қош бол, Гүлсары»), «Қыз Жібек», «Қала қалқаны», т.б. фильмдерге түсті. Дауысы әуезді, үні мақпал, сөз қадірін білетін актриса көптеген фильмдердің дыбысталуына, сондай-ақ Қазақ радиосы мен телевидениесіне шығармалар оқуға  белсене ат салысты.  Т.Жүргенов атындағы Театр-Кино институтында ұстаздық етіп, талантты шәкірттер тәрбиеледі.

Ф.Шәріпова табиғат берген талантын тынымсыз рухани іздену, әлемдік өлшемдерге иек артумен суарып-шыңдап; сезім мен парасатты тең-тел ұстай алған тұлға. Сахнада «мың өліп, мың тірілген», білімді де білікті  актрисаның қуатты өнері кейінгі ұрпаққа да рухани азық,  ал, жас буын актерлерге ерекше мектеп, өнерге деген көзқарас-ұстанымның классикалық үлгісі деу керек. 

Дара талант иесі Ф.Шәріпованың өнері үкімет тарапынан лайықты бағасын алды. Ол Қазақстанның халық артисі (1966) және КСРО халық артисі (1980).  «Ана-Жер-анадағы» Толғанай ролі үшін ҚазКСР (1967)  және «Қан ментердегі»  Ақбала ролі үшін КСРО Мемлекеттік (1974) сыйлықтарына ие болды.Қырғыз елі өнерін жоғары бағалап,  Қырғыз Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер атағын берді.

Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпова өмірде «бақыт дегенді өз қолдарымен орнатқан» жарасымды жұп болды. Өнерде қос жұлдыз болып жарқырады.  Сахнада Данияр – Жәмила, Сұбанқұл – Толғанай, Еңлік – Еңлік, Қобыланды – Қарлыға, Абай – Ажар, Қален – Ақбала, Петручио-Катарина, Елена - Астров болып нұр шашса, кинода Танабай – Бибіжан болып өнер-өмір өткелдерінен өтті. Еліміздің тәуелсіздігіне тағлымды өмірлерімен, асыл өнерлерімен үлес қосқан егіз Тұлғаның өнері ұрпақ жадында жаңғырып тұрары анық. 

А. Оралқызы