Махаббат үмітін сыйлайтын туынды

25 желтоқсан күні «Астана Опера» театрының Үлкен залында Георгий Фридрих Гендельдің басты шығармасы «Мессия» орындалады. Бұл неміс композиторының ең жарқын әрі көңілді шығармаларының бірі. Туындының адамға махаббат және бақыт үмітін сыйлайтыны күмәнсіз.

Кеште көрерменге керемет мерекелік көңіл-күй сыйлайтын опера солистері: сопрано – Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, Алть – Салтанат Мұратбекова, Тенор – Нарұл Тойкенов, Бас – Арменияның халық әртісі Барсег Туманян. «Астана Опера» хоры және Симфониялық оркестрі. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

«Мессия» әнінде сыйлықтарымен жас нәрестеге келетін данышпандар жайлы айтылады.

– Бұл барокко музыкасының озық шығармасы. Оратория өзінің музыкалық салмағына қарай операға тең келеді, мұндағы музыкалық картиналардың бояуы қанық, драматургиясы өткір. Ол менің дирижерлік еңбек жолыммен қатар келе жатыр. Шығармашылық өмірімде дұрыс келе жатырмын ба, жоқ па, оны осы шығармаға қарап түзетіп, салыстыра аламын. Туындыға алғаш рет дирижерлік еткенде, аяқталғаннан кейін (ұзақтығы 2,5 сағат) күш-қуатымның артқанын және тағы сонша уақыт дирижерлік етуге дайын екенімді сезіндім,– дейді Абзал Мұхитдинов.

Ол шынында да солай, өйткені «Мессияның» музыкасы күш-жігеріңді арттырады, оның мағынасының өзі жақсылыққа үміт береді, ал кей тұстары адам жанына жай сыйлап, махаббат пен кешірімділік жайлы баяндайды. 

Бөлісу: