Мария Мудряк сахнада – тігінші рөлінде

Париждегі Латын кварталының от жағылмаған мансардында кедей суретші картина салып отыр...

3 қарашада «Астана Опера» сахнасында өтетін Дж. Пуччинидің танымал «Богема» операсының қызықты сюжеті осылай басталады. Мансарда тұрғындарын әлемдік және отандық сахна жұлдыздары – Мими (Мария Мудряк), Рудольф (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов), Мюзетта (Галина Чеплакова), Марсель (Беларусь халық әртісі Владимир Петров) орындайды. Қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

«Астана Опера» театрының жетекші солисі Мария Мудряк туған елін көптеген әлемдік алаңдарда абыроймен танытып жүр. 2011 жылы ол Италияның ең озық жас әншісі ретінде танылды. «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында әйгілі Мария Мудряк Мими партиясын алғаш рет орындайды.

– Мими – жиырма екідегі жас қыз. Ұяң, әсем, сүйкімді және мейірімді тігінші, оның боз тартқан жүзінің сұлулығы Рудольфтің жүрегін жаралайды. Ажал алдында жатса да, Мимидің Рудольфқа деген нәзікте күшті махаббатын көрерменге жеткізу, мен үшін өте маңызды. Бұл партияны екінші рет орындамақпын, менің дебютім Новара қаласындағы (Италия) «Кочча» театрының сахнасында Кристина Мутидің қойылымында өткен еді. Сол кездегідей, қазірдің өзінде мен бұл рөлге үлкен жауапкершілікпен дайындалып жүрмін, яғни түпкі шығармасын оқып шығып, Мюрже бойынша қойылған фильмді тағы да қарап шықтым, бұл операның әртүрлі қойылымдарын тыңдап, қарап жүрмін. Рөлді Миланда маэстроларыммен бірге дайындадым, – дейді Мария Мудряк.

Естеріңізге сала кетейік, басты кейіпкерлер кедей, бірақ олардың өз еріктері өздерінде, арман мен үмітке толы өмір сүреді. Опера жабырқатып, аңсататын көріністермен теңестірілген ойын-сауық пен қалжыңға қанық, мысалы, драмада басты назарда тұрған жұп  – Мими мен Рудольфты басымырақ көрсету мақсатында басқа ғашықтар – Мюзетта мен Марсель ұрыс-керіспен көзге түседі.

Спектакльге қатысатындар: шақырылған солист, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Артур Қайыпқұлов (Коллен), Евгений Чайников (Шонар), Талғат Ғалеев (Бенуа), Болат Есімханов (Альциндор), Бейімбет Таңарықов (Парпиньоль), Нұрлыбек Қоспармақов (Кеден сержанты).

Опера III Халықаралық "Жібек жолы" фестивалінің аясында өтеді. Әртістер қойылымның көңілсіз аяқталатынына қарамастан, Париждегі Рождествоның ертегілік атмосферасын жеткізіп, көрерменді зор ықыласқа бөлей алатындарына сенімді.

Бөлісу: