Ла Скала оркестрінің бірінші гобойшысы – Астанада

Белгілі италиялық гобойшы Джанфранко Бортолато «Венециялық гобойдың үні» атты концертінде өнер көрсету мақсатында, III Халықаралық «Жібек жолы»фестиваліне келеді. Музыкалық кеш 30 қарашада «Астана Опера» театрының Камералық залында өтеді. Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов басшылық ететін Камералық оркестрді қатысады.

Джанфранко Бортолато – Миландағы атақты Ла Скала опералық театры, Турин Корольдігінің театры және Рим операсы оркестрлерінің, сондай-ақ Сан-Ремо, Генуя ансамбльдерінің бірінші гобойшысы. Буэнос-Айресте, Версальде, Хьюстонда Халықаралық фестивальдерге қатысқан музыкант, әлемнің көптеген елінде концерт берді.

Концерттің ауқымды бағдарламасына барокко композиторлары Алессандро Марчелло, Джованни Бенедетто Платти, Антонио Вивальди, Антонио Лотти, Томазо Альбинонидің шығармалары енгізілді.

– Іріктелген шығармалар Халықаралық «Жібек жолы» фестивалінің атауымен тікелей байланысты. Кезінде Жібек жолының солтүстік бөлігі Алматы арқылы өткені белгілі. Марко Поло әкесімен және көкесімен сол арқылы Қытайға жеткен. Саяхатқа шыққан отбасы венециялық сословиеге жатқан еді. Өзім Венецияданмын, сол жерде музыкалық білім алдым (Бенедетто Марчелло ат. венециялық консерватория). Кеш бағдарламасын түгелдей венециялық музыка мен композиторларға арнап дайындадым. Бір Вивальдидің өзі гобойға арналған 19 концерт жазған. Бұл кеште мен асқан шеберлікті талап ететін До мажорконцертін орындаймын, ол техникалық тұрғыдан алғанда өте күрделі, – дейді Джанфранко Бортолато.

Композитор Алессандро Марчеллоның атағы, кеш аясында орындалатын, гобойға арналған Ре минор концертінің арқасында шыққан. Тыңдарманға И.С. Бахтың мелизмаларының нұсқасы ұсынылады. Бағдарламаға Антонио Лотти мен Бенедетто Пьяттидің аса танымал емес туындылары да енді, әйтсе де олар Вивальди, Марчелло мен Альбинонидің замандастары. Лоттидің шығармашылығын Бах пен Марчелло жоғары бағалаған. Өкінішке орай, оның музыкасының басым бөлігі әлі күнге дейін басып шығарылған жоқ. Елордалық тыңдарман назарына оның ерекше танымал Гобойға арналған концерті паш етіледі.

- Мен Халықаралық «Жібек жолы» фестиваліне қатысқаныма қуаныштымын, шақыруларыңыз көңілімді көншітті. Аталған концерт шара өрісінің кеңеюіне септігін тигізіп, ал өзім венециялық болғандықтан, музыкалық қабілетім қазақстандық тыңдарманға барокко дәуіріндегі венециялық музыкамен жақынырақ танысуға көмектеседі деп үміттенемін. Музыка – екі түрлі мәдениетке: батыс пен шығысқа, Италия мен Қазақстанға қарым-қатынас құруға мүмкіндік беретін әмбебап тіл, – деп сөзін түйіндеді Джанфранко Бортолато.

Бөлісу: