Арда өнердің алтын қазығы – театр

Арда өнердің алтын қазығы – театр
Фото: tengrinews.kz

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Ғ.Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық  балалар  мен  жасөспірімдер  театрының 70 жылдық мерейтойының алдында баспасөз конференциясы өтеді. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Жетпіс жылда жемісі жерге иілген жеміс ағашы сияқты, тағдырына тағзым жасап тұрған театрдың иесі мен киесі, ол – өз тарихының өне бойында өміршең қалпын сақтап қалатын қасиетінде.

Уақыт озбайды. Біз уақыттан озамыз. Актерлар да, театр тізгінін ұстаған азаматтар да театр тарихының бір-бір парағы боп қалар...

Ал, театр өнері – мәңгілік елдің мәңгілік мәртебесіне айналып, Тегеурінді мемлекеттің рухани темірқазығы болып тұрары Хақ!

Театрдың баспасөз конференциясына драматург-авторлар, театртанушы, өнертанушы ғалымдар, т.б. қатысады. Сондай-ақ «Тәуелсіздік – тұғырым, театр – менің ғұмырым» атты театрландырылған концерттік бағдарлама қойылады.  Іс-шаралар 14 қазанға жоспарланған.

Айта кетейік, Ғ.Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық  балалар  мен  жасөспірімдер  театры биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Театр 1946 жылдың 4 шілдесі  күні  А. Толстойдың  «Алтын  кілт»  пьесасы  бойынша  қазақ  тілінде тұңғыш рет спектакль  сахналаған болатын.

Ө. Сансызбай