Екі ел аясындағы махаббат драмасы

Екі ел аясындағы махаббат драмасы
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Б.Асафьевтің "Бақшасарай бұрқағы" драмалық балетінің негізінде – Шығыс пен Батыс ұлттық дәстүрінің қарама-қайшылығы, махаббат үш бұрышы мен қайғылы адам тағдыры. 28 қыркүйекте басты кейіпкерлер Мария мен Вацлавтың бейнесін Беларусь балетінің жұлдыздары – прима-балерина Людмила Хитрова мен Беларусьтің еңбек сіңірген әртісі Олег Еромкин өз шеберліктерімен жеткізеді.

Беларусь Үлкен театрының әртістері "Астана Опера" театры сахнасында, III «Жібек жолы» халықаралық фестивалінің аясында өнер көрсетеді.

Қойылымды шығаруда атсалысқандар: қазақстандық хореографтар – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева және атақты итальялық суретші-сценограф Эцио Фриджерио, сонымен қатар костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино.

– Өз театрымызда бұл спектакльді классикалық қойылымда билейміз. Біз "Астана Опера" театрында өнер көрсетуге дайындалып жатырмыз, осы сахнада өткен спектакльдің бейне жазуын пайдаландық, себебі әр театрдың өзіндік ерекшеліктері бар,– деді Беларусь әртістері.

Олег Еромкин "Астана Опера" театрында бұған дейін өнер көрсеткенін, театрмен танысқаннан кейін жақсы әсерде қалғанын әңгімелеп берді. Людмила Хитрова үшін бұл – елордалық театр сахнасына алғаш шығуы.

– Бұл шара менің қуанышымды еселей түседі, себебі мен Қазақстанда, Қарағанды қаласында тудым және менің балалық шағымның біраз бөлігі сонда өтті. Әрине, қуанышқа толы эмоциялар шектен тыс баурайды, біз қазақстандық көрерменмен кездесуді асыға күтеміз, – дейді прима-балерина.

Әртістер бұл спектакльде оларға ең маңыздысы тек Вацлав пен Марияның арасындағы махаббатты жеткізу ғана емес, сонымен қатар, нағыз азатшыл поляк сипаты мен мәнерін көрсету екенін айтты.

– Біз III Халықаралық "Жібек жолы" фестиваліне қатысатын әртістерге өз рөлдерінен, сахнадан және өзінің әдемілігімен, зәулім сәулетімен көз тартатын театрыңыздан шынайы ләззат алуларын тілейміз. Ал біздің тамаша өнер мен осы ғажап спектакльден көрермендер толық ләззат алуларын шын жүректен тілейміз, – деп аяқтады бишілер.

Естеріңізге сала кетейік, А.Пушкиннің поэмасы желісіне қойылған балет поляк княжнасы Мария, татар ханы Гирей және оның сүйікті әйелі Зарема туралы әңгімелейді. Қатігез татар қолбасшысы Гирей хан Польшаға шапқыншылық жасайды. Сондай бір шапқыншылық кезінде ол әскерімен бірге поляк қамалын алады, онда княжна Марияның  туған күні тойланып жатады. Бәрі өледі де, тек Мария ғана тірі қалады. Әрі қарай махаббат драмасы өрбиді.

Балет хореографиясы классикалық бидің шығыс биіне қайшылығымен сипатталады, бұл жерде екі әлемнің бір-біріне ұқсамайтынына назар аударылады.

Спектакльде "Астана Опера" балетінің бүкіл құрамы жұмылдырылған. Барлық солистер, кордебалет, оның ішінде миманс әртістері қатыстырылған, олардың әрқайсысы – жеке кейіпкер, көрсетілетін драмаға қатысушы. Зарема партиясын Әнел Рүстемова, Гирейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіров, Нұрәлиді Досжан Табылды орындайды.

Г. Берік