Еуропадан келген қонақтар – "Астана Опера" театрында

Еуропадан келген қонақтар – "Астана Опера" театрында
Фото: Karla Nur

Италия, Беларусь және Казақстан әртістері "Жібек жолы" фестивалінде кездеседі. Жетекші солисттер, хор және "Астана Опера" Симфониялық оркестрі Үлкен зал сахнасында итальялық композитор Джакомо Пуччинидің көрнекті туындысы "Мадам Баттерфляйді" ұсынады. Италиядан келген маэстро Джузеппе Акуавива дирижерлық тізгінді қолына алады. Бас партияны Беларусь халық әртісі Нина Шарубина орындайды.

Аустрия, Алмания, Испания, Нидерланд, Франция, Швейцария, Тайланд, Ұлыбритания тағы басқа елдерде өнер көрсетіп жүрген Нина Шарубина үшін "Астана Опера" театрында  өнер көрсету – үлкен жауапкершілік. Қазақстан астанасына сапары – әншінің көптен күткен арманы.

– Голландияға жасаған сапарымда Дж. Вердидің операсында Аиданың партиясын орындағаным есіме түседі. Сонда Қазақстанның тамаша меццо-сопраносы Дина Хамзина Амнеристің рөлін орындады. Біз өте жақсы достасып кеттік, ол маған Астана туралы, мұндағы тамаша жаңа театр туралы әңгімелеп еді. Менің арманым орындалады екен, тек көркем фильмдерде ғана көріп жүрген бұл әсем қаланы да көретін боламын, – дейді Нина Шарубина.

Ол әдемі дауыстың ғана иесі емес, оның таланты мен кәсібилігін растайтын марапаттары да көп. Мәселен, вокалдық және орындаушылық шеберлігінің көрнекті жетістіктері арқылы беларустың ұлттық мәдениетіне енгізген жоғары эстетикалық құндылығы мен қосқан елеулі үлесі үшін Нина Шарубинаға Беларусь Республикасының әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Мемлекеттік сыйлық табыс етілді. Солист музыкалық фестивальдерді өткізудің маңыздылығын атап өтті.

– Гастрольдік сапарлар, дирижерлармен,серіктес-әріптестермен жаңа кездесулер әрбір өнер адамы үшін өте маңызды. Мен бұл фестивальда "Астана Опера" театрымен тығыз байланыс орнатқан Беларусь Үлкен театрының өнерін ұсынамын. Біз театр сахнасында өнер көрсеткен көптеген қазақстандық әртістермен танысып үлгердік. Осындай қуанышты кездесулер, өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігін беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды, – дейді Нина Шарубина.

Әнші қазақстандық бишілермен, вокалшылармен бұғанға дейін таныс болса, итальялық дирижер Джузеппе Акуавивамен алғашқы рет кездеседі. Елордалық көрермен маэстроның жетекшілік етуімен оркестрді бірнеше рет тыңдаған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Джузеппе Акуавива 2014 жылдың наурыз айында "Богема" қойылымы бойынша "Астана Опера" вокалистерімен бірлескен жұмыс атқарды, одан кейін "Тоска", сонымен қатар музыканттар 2015 жылғы шілдеде Карло Феличе театрының концертінде орындалған Бетховеннің №9 симфониясымен жұмыс істеді, ол симфониялық маусымның жабылуы мен Миланда өткен ЕХРО-2015 көрмесіне арналған еді.

Кейінірек біздің әншілер тұсаукесерінде осы сахнада зор табыспен өнер көрсетті.

– Біздің ынтымақтастығымыз осымен аяқталмайтынына мен өте қуаныштымын. "Астана Опера" театры әртістерімен жұмыс істеу – мен үшін үлкен бақыт, – дейді Джузеппе Акуавива.

Қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев, қоюшы режиссері – Лоренцо Амато (Италия). Сценограф – Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – Франка Скуарчапино (Италия), костюмдер бойынша кеңесші – Камохара Джунко (Жапония), жарық беру бойынша суретші – Винченцо Рапони (Италия).

Г. Берік