Шеберлер ішіндегі шебер

Шеберлер ішіндегі шебер
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Әйгілі "Виртуозы Москвы" камералық оркестрінің  бірінші скрипкасы, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Алексей Лундин ІІІ Халықаралық "Жібек жолы" фестиваліне қатысады. Скрипка шебері "Астана Опера" театрының Камералық залы сахнасында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ауқымды бағдарламасын ұсынбақшы.

Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен «Астана Опера» Камералық оркестрі қатысады.

– Мен өзім де Салацгривтегі Халықаралық классикалық музыка фестивалін ұйымдастырушылардың бірі болғандықтан,  музыкаға қатысты мұндай мерекелерді өткізу идеясын зор сүйіспеншілікпен қолдаймын. "Жібек жолы" фестиваліне қатысу – мен үшін шексіз қуаныш, себебі ол үздік солистердің орындауында да, жаңа бастаған музыканттарға да классикалық музыканың барлық қырын көрсетуге мүмкіндік береді. Өз әріптестеріммен, сонымен қатар қазақстандық тыңдарманмен кездесуді асыға күтемін,– дейді аспапшы.

Алексейдің беделі өнер жолын ұтымды дамытып жүрген тамаша скрипкашы ретінде де, ой-өрісі кең музыкант ретінде де жоғары және өмірде "адамдарға классикалық музыканың жетіспейтінін" шынайы сезінетін жан. Ол өнері атадан балаға жалғасып келе жатқан музыканттар отбасында дүниеге келген. Оның өмірінде кездескен ұстаздары жөнінде де жолы болды, талантты скрипкашы, үлкен музыкант, шәкірттерін жарқырата білетін ұлы музыкант Маринэ Луарсабқызы Иашвили мен Цейтлиннің шәкірті Надежда Григорийқызы Бешкина Алексей Лундинге музыканың таңғажайып әлеміне кәсіби жол ашып берді.

Скрипкашы әлемнің үздік концерттік алаңдарында өнер көрсетіп, қазіргі заманғы әйгілі музыканттармен бірлесіп жұмыс істеді. Алексей Лундиннің қоржынында В.Спиваков, С.Сондецкис, В.Симкин, Ю.Франц, Т.Курентзистердің жетекшілігіндегі "Виртуозы Москвы" оркестрімен орындалған И.С.Бах, В.А.Моцарт, Й.Гайдн, А.Вивальди, А.Шниткелердің скрипкаға арналған концерттері бар. Сәйкесінше аталған концерттің бағдарламасы классик композиторлардың шығармаларынан құрылған.

Г. Берік