Музыка – еркіндік

Музыка – еркіндік
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

«Астана Опера» театрының Камералық залы сахнасында «Музыка – мәңгілік» концерті өтеді. Кеш бойы сахнада – «Астана Опера» театрының солистері – Татьяна Вицинская, Елена Низамутдинова, Ескендір Абжанов және шақырылған әнші – контратенор Тимур Низамеев өнер көрсетеді.  Сонымен қатар концертке «Астана Опера» Ішекті триосы қатысады. 

Ренат Тибальди атындағы және Марио Дель Монако (Пезаро, Италия) халықаралық академиясын бітірген Тимур Низамеевтің дауысы көне әуендерді орындауға арналған. Ол Марио Милани, Алла Симонии және Вильям Матеуции сынды әйгілі ұстаздардан тәлім алды.

– Г.Перселлдың «Music for a while» («Музыка мәңгілік») туындысын басты назарға алғымыз келді, бағдарламамызды да дәл осылай атадық. Бұл шығарманың түпкі мағынасы өмірдегі келеңсіздіктер мен түңілістерден музыка қорғайтынын білдіреді. Г.Перселл – өз дәуірінде бәрінен озық болған ағылшындық ұлы композитор, оның музыкаларындағы үндестік әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ, ал мәтіні терең философиялық мәнге ие. Бұл шығарма Қазақстанда сирек орындалатындықтан, елордалық көрерменге ұсынуым – мен үшін бақыт, – дейді Тимур Низамеев.  

Кеш бағдарламасына концерттің авторы Александра Егорова И.С.Бах, А.Вивальди, Г.Гендель, Г.Перселл, Дж.Перголези, Дж.Сарти және тағы басқа әйгілі композиторлардың өлмейтін шығармаларын енгізді.

Көне әуендер, соның ішінде барокко XVIII ғасырға дейінгі кезеңге жататындығын естеріңізге саламыз. Бұл дәуірде музыка жанрының өрісі кеңіп, шығарманың опералық түрі пайда болды, әдеттегі дауыстардың қатарында ер адамның ерекше дауысы – контратенор өте танымал бола бастады.

– Мен барокко музыкасына әрқашан зор тебіреніспен қараймын. Жүрегіме де ерекше жақын әрі түсінікті. Оны орындау – оңай емес. Көне музыкалық шығармалармен әртүрлі сахналарға жиі шығамын, бірақ бұл стильде концерт бойы әріптесім Тимур Низамеевпен жұптасып алғаш рет шыққалы тұрмын. Көңіл-күйімізді жеткізіп, жан дүниеміздегі әсерімізді бөлісу үшін қымбатты көрермендерімізбен кездесу сәтін асыға күтіп жүрміз. Концерт барысында мен өзімнің сүйікті композиторларымның бірі – Г.Гендельдің шығармаларын орындаймын, – дейді Елена Низамутдинова.

Фортепиано партиясын халықаралық байқаулардың жеңімпазы Александра Егорова орындайды. Кештің жүргізушісі – музыкатанушы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Маржан Жәкенова. 

Г. Берік