Музыкалық тұсаукесер кеші

Музыкалық тұсаукесер кеші
Фото: Karla Nur

«Астана Опера» қазақстандық композиторлардың шығармашылығына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. 22 маусым күні елордалық театрдың Камералық залында қазіргі заманғы отандық авторлардың музыкалық шығармаларынан «Тұсаукесерлер кеші» өтеді. Концерт Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазіргі заманғы композиторлар» циклы аясында жүзеге асады.

Тыңдарман назарына танымал композиторлардың шығармашылығымен қатар, жастардың да туындылары ұсынылады, атап айтсақ: К.Дүйсекеев, Б.Қыдырбек, С. Әбдінұров, С.Еркімбеков, Т.Мұхамеджанов, А.Тани, А.Тоқсанбаев, Т.Жармұхамет, А.Мұхитдинов, Б.Аманжол, В.Стигорцкий-Пак, Е.Өміров, Ж.Әділов, Ә. Әбдінұров, С.Тұяқова.

Кеш бірінші бөлімінің бағдарламасы жеке және аспапты ансамбльдің орындауындағы туындылардан тұрса, екінші бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігімен «Астана Опера» Камералық оркестрі өнер көрсетеді.

Замандас композиторларымыздың шығармалары жазу техникасының озықтығымен, бояуларының үйлесімділігімен және құрылымының ырғақтылығымен ерекшеленеді. Б.Дәлденбайдың «Кварта-квинта» композициясындағы ішекті оркестрдің аспаптары домбыраның орнын басады. Х.Сетековтің әзіл-сықақты №2 скерцосының суреттемесі философияның лебі есетін лирикалық әуендермен қызықты байланысқа түседі.

Маэстро Абзал Мұхитдинов,мемлекетіміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығында тыңдарман назарына отандық авторлардың шығармаларын ұсыну арқылы композиторлық мектебіміздің қандай бағытта дамып келе жатқанын ұғыну, өте маңызды екендігін атап өтті.

– Қазіргі заманғы композиторлардың шығармаларынсыз Қазақстанның музыка әлемінің көрінісі толық болмас еді. Бұл шығармалар қазақстандық авторлардың камералық-аспаптық шығармаларының кейбір кемшін тұстарын толықтырып тұрады. Жас композиторлар үшін, жаңа туындыларының «Астана Опера» сынды үлкен сахнада орындалуы – мол мүмкіндік. Бұл концерт олардың алдағы шығармашылығына шабыт береді деп ойлаймын,– дейді дирижер. 

Г. Берік