Аргентиналық пианиношы елорда көрермені үшін өнер көрсетеді

Аргентиналық пианиношы елорда көрермені үшін өнер көрсетеді
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Аргентиналық әйгілі пианиношы, Женева консерваториясының құрметті профессоры Луис Аскот Қазақстанда алғаш рет жеке концертін береді. «Лист, Шопен және аргентиналық танго» музыкалық кеші 16 маусым күні «Астана Опера» театрының камералық залында өтеді.

Америка, Еуропа, Үндістан және Қытай елдерінде концерт бергенде, музыкант бағдарламасына міндетті түрде Ференц Лист пен Альберто Хинастераның туындыларын енгізді. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені оның ұстаздары Ференц Лист, Ферруччо Бузони сынды әйгілі композиторлардың шәкірттері – Мориц Розенталь, Теодор Санто, Исидор Филипп және Эдвин Фишер. Композитор Альберто Хинастера екеуін үлкен достық байланыстырды.

Луис Аскот Хинастераның туындыларының көрнекті таратушысы екені белгілі. Ол өзінің бүкіл еңбек жолында соның музыкасын насихаттап келеді. А.Хинастераның фортепианолық туындыларын және оркестр сүйемелдеуіндегі №1 концертін (ор.28) орындағаны үшін өнер сыншыларының жоғары бағасына ие болды. Бұл кеште елордалық көрерменге пианиношының  орындауындағы ғажайып туынды Milonga-ны (А.Хинастер) тыңдау бақыты бұйырады.

- Менің орындауымдағы Альберто Хинастераның музыкасы композитордың туындыны шығару барысында өзі қалаған эмоцияларға мейлінше жақын. Мен, бірінші кезекте, композиторға қызмет етемін, орындауымдағы әр туындының дұрыс жеткізілуіне жауапкершілікпен қараймын, - дейді пианиношы.

Луис Аскоттың шығармашылық өмірбаяны бай әрі сан алуан. Мәселен, 1998 жылы Буэнос-Айрестің Колон театрында басты партияларды Мирелла Френи, Пласидо Доминго және Шеррилл Милнс ойнаған Умберто Джорданоның «Федора» операсында ол пианиношының рөлін сомдады. Бұл аңызға айналған театр саңлақтарымен бір сахнада өнер көрсеткен тәжірибе алаңы болғандығын есіне алады. 

– Жеке концерт немесе оркестрмен өнер көрсетуге мүлде ұқсамайтын мұндай жобаларға мен қуана-қуана қатысар едім,– дейді Луис Аскот.

Сонымен қатар, Луис Аскот халықаралық пианиношылар байқауларындағы қазылар алқасының мүшесі, көптеген елдердің консерваториялары мен университеттерінде шеберлік сабақтарын өткізеді. 2011 жылы шығармашылық қызметіндегі нәтижелі еңбегі үшін Аргентиналық музыка сыншылары қауымдастығының марапатына ие болды.

Кеш бағдарламасын Фредерик Шопеннің (До минор ноктюрны, №1 ор.48;  №3 балладасы ля-бемоль мажор, ор.47), Йозеф Гайдннің (До мажор сонатасы, Hob. XVI/35), Астор Пьяццоланың ( «Періште» трилогиясы), Ференц Листтің ( №3 жұбанышы ре-бемоль мажор, S.172; Петрарканың №104 сонеты, ми мажор), Альберто Хинастераның (Milonga; №1 сонатасы, ор. 22) музыкалары әрлейді.  

Г. Берік