Ұстазға арнау

Ұстазға арнау
Фото: astanatimes.com

Астаналық театрда белгілі қазақстандық музыкант және тамаша педагог, профессор Қайролла Жұмакеновті еске алуға арналған флейталық музыка кеші өтеді. «Ұстазға арнау» атты концерті 19 сәуірде «Астана Опера» Камералық залында «Қазақстанның алтын флейтасы» құрметіне ұсынылады.

Қайролла Жұмакенов – Одесса (КСРО) және Феникстегі (АҚШ) халықаралық байқаулардың лауреаты. Асқан шебер музыкант КСРО мәдениет Министрлігінің Құрмет грамотасы, ҚР Президентінің Құрмет грамотасы, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Республиканың жетекші шығармашылық ұжымдарында жұмыс істеп, Қазақстанда және Аустрия, Франция, АҚШ, Италия, Испания, Алмания, Ресей және т.б. елдерде жиі концерт қойған. Көптеген қазақстандық композитор оған шығармалар арнады. Сонымен бірге, Қ.Жұмакенов – отыз жылдық тәжірибесі бар ұстаз: оның шәкірттері бүгінде көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, республика мен шетелде шығармашылық ұжымдарда жұмыс істейді.

Кеш бағдарламасында Қ.Жұмакеновтің концерттік репертуарына енген әлемдік классика жауһарлары, заманауи қазақстандық, батысеуропалық және орыс композиторларының және т.б. шығармалары орындалады. Тыңдарманға Ж.Кастередтің «Флейталар каникулда», Ф.Купереннің «Тик-ток-шок немесе кішкене балға», А.Свиридовтың «Романс», П.Чайковскийдің «Ноктюрн» және көптеген басқа шығармалар ұсынылады.

Театр флейтистері жайдары, бауырмал және зерделі ұстаз туралы жарқын естеліктерімен бөлісті.

Александр Тараскин, Қ.Жұмакеновтің шәкірттеріне әкесіндей қарағанын, ол барлығы үшін білімін аямағанын, жан-дүниесі мен жүрек жылуын сыйлағанын, олардың қалыптасуына үлкен әсерін тигізгенін айтса, Аида Әбдіқадірова Қайролла Жұмакеновтің музыканы ерекше қабылдап, бұл өнердің терең мағынасын тыңдармандар мен шәкірттеріне өзіндік әдіспен түсіндіріп, үлкен дарындылықпен жеткізе білгенін айтты.

«Маған ол кісімен К.Бәйсейітова атындағы театрда жұмыс істеу бұйырды. Бұл, қасиет құдайдан дарыған ерекше адам, қазақстандық флейта мектебінің нағыз алпауыты. Өкінішке орай, өмірден өте ерте кетті. Бұл кеште барлығымыз шын жүректен ойнаймыз»,  деді флейта тобының концертмейстері Алексей Косырев.

Концертке қатысатын Қ. Жұмакеновтің шәкірттері, әріптестері және жақын достары – Алексей Косырев, Александр Тараскин, Балжан Сапарова, Аида Әбдіқадірова, Жанбота Балғабеков, Әлима Әбеуова, Ажар Адамжан, Жібек Сапарғалиева (флейта), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нұрлан Ысмайылов (фортепиано), Гүлдана Жолымбетова (фортепиано, АҚШ), Сәбит Дайыров (контрабас), Равиль Құлмаметов (виолончель). Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов басшылық ететін «Астана Опера» Камералық оркестрі, Қ.Жұмакенов атындағы флейталар хоры, виолончель ансамблі, үрмелі ансамбль, театрдың симфониялық оркестрінің әртістері және басқалар  тыңдарманды өнерімен қуантады. Концертті жүргізуші – музыкатанушы Маржан Жәкенова.

Г. Берік