Тек қиял-ғажайып

Тек қиял-ғажайып
Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Романтика және қиял... Оларды не біріктіреді? Бұл туралы көрерменге «Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары театрдың Үлкен залында баяндап береді. «Симфоника» циклінен симфониялық музыка концерті 6 сәуірде өтеді. Кештің арнайы қонағы – отандасымыз, тамаша виолончелист Елдар Сапараев (Швейцария). Дирижер – маэстро Абзал Мұхитдинов.

Елдар Сапараев – халықаралық конкурстардың бірінші сыйлық иегері, ол Тонхале (Цюрих), Лисинг залы (Загреб), Берлин филармониясы, Уолт Дисней-холл (Лос-Анджелес) және басқа да әлемнің көптеген беделді концерттік залдарында өнер көрсетіп жүр. Музыкант К. Сен-Санс оркестрдің сүйемелдеуімен виоленчельге арналған №1 a-moll, op.33 концертін орындайды.

 Бұл солистің шебер ойынын, оның музыкалық форманы толыққанды жеткізу үшін өзінің күш-қуатын қаншалықты жұмсай алатынын көрсететін техникалық әрі қабылдағанға жеңіл концерт,- деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. 

Белгілі виолончелист Елдар Сапараев өз тарапынан, ұлы француз композиторы Камиль Сен-Санстың концертін қазақстандық көрерменге маэстромен, Еуразияның ең үздік өнер ұжымы  «Астана Опера» оркестрімен бірге зор сүйіспеншілікпен орындайтынын айтты.

 №1 концерт – Сен-Санстың ең сазды да нәзік шығармаларының бірі. Драмалық уайым-қайғы дауылын көтеретін ғажап дыбыстар балеті, жақсылық пен сәуле нұрының жеңісімен аяқталады. Бір актердің бір актілі балетіне татитын бұл шығарма, XIX ғасырдың ең тамаша шығармаларының бірі деп есептеймін,  дейді музыкант.

Қызықты да мазмұнды бағдарламаға И.Брамстың e-moll, op. 98№4 симфониясы да енді. Маэстроның айтуынша, бұл төрт бөлімді циклде композитордың өте терең жан күйзелісі мен көңіл-күйі беріледі. Жарқын романтикалық шығарма жақсылық пен зұлымдықтың күресін жеткізеді. Оның әр бөлігі ерекше: біреуінде болашаққа жетелейтін кеңістік музыкасы берілсе, енді бірінде – арманға деген құлшыныс. Соңында тіршілігі тоқтамайтын, қозғалысқа толы өмірдің тамаша екені айқындалады.

 №4 симфония көпшілік үшін жаңалық болады. Композитордың үлкен жүрегінен шыққан мұндай музыка музыканттың жүрегінен өтсе, міндетті түрде тыңдарманды толқытады,  дейді Абзал Мұхитдинов.

М.Равельдің атақты "Болеросы" да баурап алар сиқырлы ырғағымен қызықты. Композитор А.Майкапар айтқандай, ол "ырғақты пішіндердің өзгеріссіз бірнеше рет қайталануынан гипноздық әсер беру аясында екі тақырып та неше мәрте қозғалып, эмоциялық шиеленістің ерекше өскенін көрсетіп және аспаптардың әркез жаңарып отыратын дыбыстарын енгізе отырып суреттелу салдарынан аса танымал болды".

Бұл кеште көрермен назарына Поль Дюктің "Сиқыршының оқушысы" скерцосы ұсынылады. Естеріңізге сала кетейік, бұл әуен әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан емес, ол Уолт Диснейдің танымал "Фантазия" анимациялық фильмінде орындалады. Бұл ғажайып музыкалық шығарма, Гетенің ұстазы жоқта сиқыры «көнбей қойған» сиқыршының жас оқушысы туралы әзіл балладасы бойынша жазылған. Бейнелердің ерекше жарқындығы, барлық әрекеттің нақты мәнерлілігі көрерменнің жүрегін жаулады.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Симфониялық оркестрі 2013 жылы құрылған. Ұжымның қалыптасуында дирижер Абзал Мұхитдинов маңызды роль атқарды. 2015 жылғы наурыздан бастап оркестрдің бас дирижері – Алан Бөрібаев. Ұжым құрамында 110 музыкант бар, әртістер жыл сайын конкурстық тыңдаудан өтеді. Ағымдағы жылдың ақпан айында ұжым Санкт-Петербургке гастрольмен барып, маэстро В. А. Гергиевтің жетекшілігімен Мариинский театрының Концерт залында өнер көрсетті. Мариинский театрының көркемдік жетекшісі әрі бас директоры музыканттар ұжымына жоғары баға берді.

Г. Берік