Сахна патшайымы көрерменін таңғалдырды

Сахна патшайымы көрерменін таңғалдырды
Фото: Ардақ Төлеубай

12 наурыз күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан Республикасың еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, профессор, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Тәуелсіз «Ильхом» сыйлығының иегері Рахилям Абрахманқызы Машурованың бенефис кеші өтті.

70 жылдық мерейтойдың иесі сахнаға жас өнерпаздарының қошеметімен шығып, би билеп жиналған қауымды бір таңғалдырды. Жетпісінші бекетіне келсе де, бойындағы қуаты мен шабыты сарқылмасын дәлелдегендей. Әртістің болмысын, шеберлігін көрсетуде тың сценарий құрастырылған.

Ә.Рахимов, Е.Обаев, А.Кәкішова, О.Кенебаев сынды режиссерге пародия жасалып, халықты күлкіге қарқ қылды. Олар өз қойылымдарына сілтеме бере отырып, Рахилям Абрахманқызының әртістік шеберлігін көрсетті. Көрермен қауым шын таланттың отқа да, суға да салсаң мұқалмайтынын осы бір кештен сезінгендей болды.

«Күйеуіңізді сатыңызшы»  (реж. О. Кенебаев) қойылымындағы Еленаның,

Гогольдің «Ревизорында» (реж. Е.Обаев) Анна Андрееваның,

«Қара кемпірде» (реж. Е.Обаев) Қалидің рөлін сомдады. Бір рөлден екінші рөлге ену, кейіпкердің тұлғасын таныта білу, жас ерекшеліктерден өте білу – осы Рахилям Абрахманқызының бойынан табылды. Көрермендер бір кеңістіктен екінші кеңістікке, бір уақыттан басқа уақытта оңай ауысты. Қалың қауым мұның бәрі шын әртіс талантының нәтижесі деп ұқты. Әртістің өмір жолындағы даталарға көңіл бөлініп, оның тәжірибесіне зер салынды. Арнайы дайындалған сараптамада әртістің 50 жыл шығармашылық, 40 жыл ұстаздық еңбектерінің нәтижесі көрініп отырды, 70-тен аса рөл ойнаған.

Кеште Р.Рымбаева, С.Бақаева сынды шәкірттері өнер көрсетіп, ұстаздарына басын иіп, алғысын білдірді. Әр жылдары бітірген түлектері сахна төріне шығып, ұстазын орталарына алып, ән шырқады.

Кеш соңында мерейтой иесі театрды сүйіп келген қауымға рақметін айтып, қазақ өнерінің киесіне басын иіп, тағзым етті. 

Рахилям Абдрахманқызы Машурова 1946 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1965 жылы мектеп бітіріп, Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетінің актер шеберлігі кафедрасына түскен. Оны КСРО халық артисі, Мемлекет сыйлығының лауреаты, профессор Х.Бөкеева шеберханасын 1969 жылы бітіріп шықты. 1968 жылы 3-курс студенті болып жүріп, М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданған. Содан бері шығармашылық ғұмыры осы қарашаңырақпен тығыз байланысты. Р.А.Машурова  бүгінде есімі Республикаға белгілі өнер иесі, ұлағатты ұстаз. М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» тәккапар да нәзік Шолпан, «Қара-қыпшақ Қобыландысындағы» (реж. Ә.Мәмбетов) Күнікей, Ә.Әбішевтің «Белгісіз батырындағы» (реж. А.Утеганов) Зура, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуіндегі» (реж. Ж.Омаров) Мәмпәси, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астындағы» комедиясындағы (реж. Қ.Жетпісбаев) Марфуға, Д.Файзидың «Башмағымдағы» (реж. Ә.Рахимов) Сәруар, т.б. көптеген рөлдеріне зер салғанда оның қай жанрда да шынайылықпен ойнайтын үлкен шебер екені көрінеді.

Сахна шебері Р.Машурова кинода бірталай рөл орындады. Бұл ретте әсіресе оның «Қасқырдың көзжасы» (Ш.Айтматовтың «Жанпида» романы бойынша, «Қырғызфильм», реж. Садырбаев) фильміндегі Гүлімхан, «Назугум» фильміндегі («Өзбекфильм», реж. А.Қасымов) Айымхан, «Қазақи оқиғадағы» (реж. Д.Манабай, «Қазақфильм») Маржан бейнелерін ерекше атау керек. 2014 жылы Қазақстан Ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Сырғалым» телесериалында (реж. Д.Коробкин) Үмітжан рөлі, 2014 жылы «Свадьба на троих» толық метражды көркем фильмде (реж. А.Бисембин) Мариям рөлі, 2015 жылы «Жібек» телесериалында (реж. А.Сахаман және Н.Әлмұрат) Шәкен рөлі. 

Р.А Машурова – ұлағатты ұстаз, профессор, ҚР білім беру ісінің үздігі. Ол 1975 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында дәріс оқып, шәкірттер тәрбиелеп келеді. Оның жүзден астам шәкірті Республикамыздың әртүрлі өнер ордаларында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың арасында Р.Рымбаева, М.Ильясова, Ә.Мәмбетова, Г. және К.Тілеубековалар, Қ.Бекайдаров, Қ.Бегіш, Б.Шанимов, Ж.Қолдаров, С.Шаймерденов, С.Қашқабаев, А.Қапаев,  Ж.Төленбаев, А.Керімбекова,  К.Ақүрбеков, Б.Манкеева, Е.Нұртазин, Н.Әбілов, С.Бақаева және көптеген шәкірттері бар.

Г. Берік