Ақиық ақынның ұлы жас шәкірттерге ақ батасын берді

Ақиық ақынның ұлы жас шәкірттерге ақ батасын берді
Фото: massaget.kz

Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі - Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті.

Театр жыр жүйрігінің ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы және келіні, сондай-ақ «М.Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қорының» төрайымы Бақыткүл Қыдырбайқызымен кездесу кешін ұйымдастырды. Кешті белгілі ақын Бақыт Беделхан жүргізді.

«Кейіпкер келбеті» кездесу бұрышында көрермендермен салиқалы сұхбат құрып, əсерлі естеліктерімен бөлісті. Әсіресе ақиық ақынның ұлымен кездесуге келген жас шәкірттердің құлшынысы жоғары болды. Олар ақынның өлеңдерін оқып, Жұлдыз Мұқағалиұлының ақ батасын алды.

Кездесу кешінде театр репертуарындағы жаңа туынды М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» (Реж. ҚР еңбек сіңірген артисі – Мұрат Ахманов) поэтикалық дастанында Мұқағали рөлін сомдаушы Бейбіт Қамаранов пен Райымбек рөлін сомдаушы Асылхан Төлепов арнайы таныстырылып, құттықтау хаттармен марапатталды. Жұлдыз Мұқағалиұлы мен Бақыткүл Қыдырбайқызы театр әртістеріне алғысын білдіріп, еңбектеріне жеміс тіледі. Кеш соңы «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастанымен жалғасты.

Ө. Сансызбай