Ғ. Мүсірепов атындағы театрда Мұқағалидың ұлымен кездесу өтеді

Ғ. Мүсірепов атындағы театрда Мұқағалидың ұлымен кездесу өтеді
Фото: kaz.tengrinews.kz, баспасөз қызметі

9 ақпан күні, яғни ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жыр жүйрігінің ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы және «М.Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық қорының» төрайымы – Бақыткүл Қыдырбайқызымен кездесу кеші өтеді. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Театрдың «Кейіпкер келбеті» мейман бұрышында өтетін кездесу Астана уақытымен сағат 17:15-ке жоспарланған. Кеш соңында театр репертуарындағы жаңа туынды М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» (Реж. ҚР еңбек сіңірген артисі – Мұрат Ахманов) поэтикалық дастаны көрермендерге ұсынылады.

Мұқағали рөлін Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Бейбіт Қамаранов сомдаса, Райымбек рөлінде Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов ойнайды. 

Ө. Сансызбай