Ерекше дуэт

Ерекше дуэт
Фото: Астана Опера

Арфамен концерт беруде теңдесі жоқ Айдана Қарашева мен мультиаспапшы Юрий Таштамиров 16 ақпанда Камералық залдың сахнасында «Ерекше дуэт» атты концертте өнер көрсетеді.

П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында И.П.Пашинская мен А.З.Бондурянский сияқты профессорлардың класынан білім алған дарынды жас орындаушылар 2013 жылы A-DUO (итальянша – «екеуара ойнау») ансамблін құрған. Бүгінде Айдана Қарашева – өзіндік стилі бар музыкант, ал Юрий Таштамиров 10 үрмелі аспапты игерген. Ол өте сирек кездесетін аспап, XVIII ғасырдың аяғындағы кларнеттің бір түрі  бассетгорнда ойнайды. Қазіргі уақытта әртістер жиі концерт қоюмен белсенділік танытуда.

Дуэт, шынымен де, ерекше – жас музыканттардың шығармашылық одағы отбасылық одаққа айналған. Енді көрермен аспапшылар орындайтын музыкалық жауһарлармен бірге, сүйген жүректердің әуенін де тамашалай алады.

Бұл – орындаушылардың «Астана Опера» сахнасындағы дебюті, сондықтан кеш бағдарламасына олар үлкен жауапкершілікпен дайындалып жатыр. Оған: И.С.Бах, Э.Вилла-Лобос, М.Равель, К.Гильман, К.Глюк, Е.Үсенов және басқалардың шығармалары енді. Концерттте тыңдарманды аргентиналық тангоның құштарлығы, испандық фламенконың сезімталдығы, арфаның сиқырлы құлпыруы мен саксофонның бойды қыздырар блюзі күтеді.

Айдана Қарашева арфаға алғаш теледидардан көрген бойда ғашық болғанын айтады:

Бала кезімнен музыка, өнер әлемінің ортасында өстім. Маған қашанда әдемінің бәрі ұнайтын, ең әдемі аспапты таңдағаным да содан болар.

"Романтиксіз бе?" деген сұраққа әртіс күліп, "Олай болмаса жұбайы саксофонист болмаушы еді" деп жауап қатты.

Юрий Таштамировтің де өмірінде бәрі өз орнында. Он музыка аспабын игеру оңай емес, алайда шеберлігінің құпиясымен ол оңай бөлісті:

– Аспаптар, тілдер тәрізді, туысқан болып келеді. Мысалы, бір сөздің жазылуы да, айтылуы да әр тілде түрлі келгенмен, түбі бір, сол сияқты бір әуен де өзара туыс аспаптарда жеңіл орындалады, себебі дыбыс шығару принциптері бірдей. Кезінде «адам-оркестр» феномен болса, енді бұл феномен болудан қалды, неге десеңіз бүгінде бір музыкант (барокко мен классицизм дәуіріндегідей) әрі композитор, әрі орындаушы, әрі түрлі аспаптарда суырып салма ойнаушы дегенге қайта оралдық,  дейді музыкант.

Жалпы алғанда, A-DUO ансамблі – суырып салмалық музыка әлемінің ажырамас бөлігі саналатын эксперименттер легі. Сезімдерімен жеңіл бөліскен әртістер, өздері орындайтын музыкаға жанын салады.

Г. Берік