Атырауда Рақымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі өтеді

Атырауда Рақымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі өтеді

26-31 қазан аралығында Атырау қаласында жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың халықаралық театр фестивалі өтеді. Айтулы мәдени шараға 12 шығармашылық ұжым қатысады. Алты күн­де 12 пьесаны сахналайтын өнер ұжым­дарының өнерін сараптаушы қазылар алқа­сының төрағасы – КСРО халық артисі Аса­нәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев және Мәскеудің «Ху­дожественная литература» баспасының бас директоры Григорий Пряхин, Анкарадан Еуразия жазушылар одағының төраға­сы, жазушы Якуб Өмероглы, Моңғолиядан Сұраған Рахметұлы, Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі С.Одуракаевтар қазылар құрамы болып бекітілді. 

Аталған фестивальге қазақ театр өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театры автордың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасымен қатысады. Басты рольде — Азамат Сатыбалды.

Қойылымның аннотациясы

Дешті қыпшақ ұланы, он жасында жетім қалып, құлдыққа өзге елге сатылып кеткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс (1223-1277) – қатардағы құлдан Мысыр елінің ойлы да кемеңгер билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген тағдыры өте күрделі, қарама-қайшылықты тұлға. Қаншалықты биік атақ-даңқ пен аса зор билік әлеуетіне ие болса да, Бейбарыс бабамыздың жүрегін мәңгілік бір сағыныш сыздатып өткен. Туған ел-жеріне, сайын даласына, жусанның ашқылтым иісіне деген сол сағыныш – спектакльдің де негізгі лейтмотиві.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді халық бекер айтпаса керек…

Қ. Бүйенбай