Жүрек вальс ырғағымен бірге соғады…

Жүрек вальс ырғағымен бірге соғады…
Фото: astana.sxodim.kz

«Би королі» – вальстің қанат біткендей қалықтаған нәзік әуені, музыка сүйер қауымның жүрегінен мықтап орын тапқан. Сырға толы әсем әндер мен ария-вальстер елордалық театрдың опера жұлдыздары орындауында шырқалады. «Жұлдызды вальс» концерті «Астана Опера» Камералық залында 28 қазанда өтеді.

Тамаша опера әншілері – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Жанат Шыбықпаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, халықаралық конкурстардың лауреаттары Айзада Қапонова, Салтанат Мұратбекова, Гүлжанат Сапақова, Роза Нұркей, Әсем Сембина, Мәдина Исламова, Қазыбек Досмұхамбетов, Ерұлан Кәмел, Алмат Ізбәмбетов, «Астана Опера» симфониялық оркестрінің солисі, бірінші скрипка Қаламқас Жұмабаева тыңдарманға вальстің жарқын үніне толы ұмытылмас кеш сыйлайды.

Бидің тарихына үңілер болсақ, вальстің негізі жай орындалатын үш үлесті неміс және австриялық лендлер биінен құралған. Вальцер («walzer» неміс тілінен аударғанда «айналатын» дегенді білдіреді) лендлердің бір түрі. Вальсті көпшілік оңай мойындай қойған жоқ. Алғашында қимылдар әдепсіз деп танылды: сол кездегі бір француздық журналистің айтуынша, бұл «шектен шыққан ұятсыздық, ерсі қылық». Алайда тыйым салғаннан пайда болмады, осылайша вальс мамандар айтқандай Еуропаға «тұмау індеті іспеттес» тараған. XVIII ғасырдың соңында, Австрия астанасы Венада вальсті жаппай барша халық биледі. Көп ұзамай, XIX ғасырда «вальс» атты індет дүние жүзін жаулайды. Оны балдарда билей бастады, кейін ол бірте-бірте бәрімізге белгілі әрі сүйікті вальске айналды.

Көңілді, қалықтаған, әсем, икемді де, нәзік вальс – романтизмнің мәңгілік нышаны. Вальсті жүздеген композиторлар жазған, дүние жүзінде олардың саны өте көп. Аталған жанрдың қызық та сан алуан түрлері, атап айтқанда Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсындағы Джульетта вальсі, Л.Ардитидің «Сүйісі», Л.Делибтің «Вальсі», П.Чайковскийдің «Вальс-скерцосы» және ««Bel Canto» музыкалық салоны» абонементі аясында театрдың үшінші маусымындағы алғашқы концерттің қызықты бағдарламасы ұсынылады.

Театрдың музыкалық кеңесшісі Раушан Бескемпірова, әртістер күздің сазды кешінде батыс еуропалық және орыс музыкалық классикасының жауһарларымен қатар қазақстандық және кеңестік кезеңдегі композиторлардың ең сүйікті ән-вальстерін орындайтынын айтты.

– Кешті «Вальс королі» И.Штраустың ең танымал туындыларының бірі – «Көктемгі дауыстар» ашады. Концертте белгілі композитор Исаак Дунаевскийдің миллиондаған жандарға жақын әрі түсінікті ән-вальстері орындалады. «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың сиқырлы музыкасы – бұл оңай тануға болатын қайталанбас саздар және вальс сарыны мен дала ән-аңыздарының үйлесімі. Бағдарламада Р.Салаватов өңдеген Л.Хамидидің әйгілі Қазақ вальсі де бар. Залда отырған тыңдарман бізбен бірге ән салады деп ойлаймын, - дейді Раушан Бескемпірова.

Фортепиано партиясында – халықаралық конкурстардың лауреаты Раушан Бескемпірова, халықаралық конкурстардың дипломанттары Гауһар Тасбергенова, Жанар Ахметова, Ирина Кургузкина.

Концерт 19:00 басталады.

@. @assel_assanova