Жәния Әубәкірова: «Тыңдарман мәдени-сауатты болуы керек»

Жәния Әубәкірова: «Тыңдарман мәдени-сауатты болуы керек»
Фото: aubakirova.kz

Дүние жүзіне әйгілі пианиношы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жәния Әубәкірова II «Жібек Жолы» халықаралық фестивалі аясында 16 қазан күні «Астана Опера» театрының Үлкен залында концерт береді. Симфониялық музыкадан берілетін концерт «Астана Опера» симфониялық оркестрінің қатысуымен өтеді. Дирижерлік тізгінде әлемдегі ең сұранысы жоғары маэстролардың бірі – Дориан Уилсон (АҚШ).

Концертті Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу» симфониялық күйі ашады. А.Дворжактың соңғы тамаша симфониясы – композитордың АҚШ-қа келгеннен кейін осы елдің ұлттық музыкасы негізінде жазылған «Жаңа Әлемінен» №9 ең әйгілі симфониясы жалғастырады. Аталған шығарманың тұсауы атақты Карнеги-холда кесілгенін айта кетейік.

Бағдарламада сонымен қатар Сергей Рахманиновтың Фортепианомен оркестрге арналған № 3 ре минор, op. 30 концерті орындалады. Музыкалық туынды 106 жыл бұрын дүниеге келген, алайда күні бүгінге дейін автордың ең танымал және жиі орындалатын шығармаларының бірі. Концерт фортепианолық репертуарда ең күрделі әрі мағынасы терең қойылымдардың бірі ретінде жоғары беделге ие.

 – Пианиношылар үшін бұл бір альпинистердің тау сілеміндей, шырқау шыңда тұрған шығарма. Біз бақытты жандармыз, неге десеңіз, репертуарымызда барлық заманның һәм халықтың музыканттары мақсат ететін, сол биікке қол жеткізіп, еңсеретін осындай асқақ туындылар бар. Мен үшін С.Рахманиновтың № 3 концертін орындау бақыт. Шынымды айтсам, мұндай музыкалық туындыны тыңдау оңай емес, ол үшін тыңдарман да мәдени-сауатты, парасатты болуы керек. Астанада, Қазақстанда адамдар өте әуесқой екенін білемін, сол себепті өзге елдерге қарағанда мұнда музыканы үлкен ынтамен қабылдайды. Менің шетелдік серіктестерім елімізге келгенде қазақстандық көрермен тамаша, мәртебелі екенін үнемі айтып отырады, - дейді Жәния Әубәкірова.

Дирижер Дориан Уилсонмен серіктестігіңіз қашаннан бері жалғасып келеді деген сұраққа аспапшы, соншалықты ұзақ болмағанын, алайда жемісті өнер одағын құрғандарын жеткізді.

– Ол Еуропада тұрады, бүкіл әлем музыканттарымен бірге, дүние жүзіндегі үздік опералық театрлар сахнасында өнер көрсетеді. Мен біздің оркестр әртүрлі дирижерлік мәнермен танысуы керек деген қағиданы ұстанамын. Музыканттарымыз бен студенттеріміз тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде не болып жатқанын көру үшін біз үнемі дүние жүзімен интеграциялануға тырысамыз.

Әңгіме соңында әртіс алдағы кеш естен кетпес көңіл-күй сыйлайтынына үмітті екенін айтып өтті.

– Әрине, концерт сайын толқисың, сахна – ол алдын-ала болжауға болмайтын киелі орын. Үнемі концерт алдындағы уайымымды кездесетін тыңдарманым жайлы оймен басамын. Классикалық музыка концертіне келетін жандарға деген алғысым зор.

Жәния Әубәкірова П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын және «фортепиано» класының аспирантурасын (профессор Л.Н. Власенконың класы) тәмамдады. Маргарет Лонг және Жак Тибо халықаралық конкурсында Бас жүлде және «Француздық композиторлардың заманауи шығармаларын үздік орындағаны үшін» арнайы сыйлықты (Франция, 1983 ж.) және Камералық ансамбльдердің халықаралық конкурсында Бас жүлде (Франция, 1985 ж.) иеленді.

@. @assel_assanova