Қазақстан және Италия сахнасындағы «Богема» операсы туралы

Қазақстан және Италия сахнасындағы «Богема» операсы туралы
Фото: Карла Нұр

«Астана Операда» және «Карло Феличеде» (Генуя, Италия) Дж. Пуччинидің «Богема» операсы қойылады. Қос сахнада елордалық театрдың солистері өнер көрсетуі ерекше атап өтерлік жайт. Аса көрнекті композитордың музыкалық туындысын қазақстандық көрермен қазан айының 13-14 күні, биік өнерді сүйетін итальяндық қауым операны желтоқсан 27 және 29 күндері; қаңтар айының 2-3 күндері тамашалайды.

Вокалистер тенор – Медет Шотабаев, сопрано – Айгүл Ниязова, Әлфия Кәрімова, Салтанат Ахметова, баритондар – Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев, Евгений Чайников және бас Артұр Қайыпқұлов итальяндық дирижер, Генуядағы «Карло Феличе» опералық театрының көркемдік жетекшісі Джузеппе Акуавиваның өнер көрсетпес бұрын шеберлік сабағына қатысады.

 – «Астана Опера» театрының әртістерімен әріптестік құрғаныма өте қуаныштымын. Біздің біріккен жұмысымыз наурызда «Богема» операсын қойған кезде басталған, одан кейін «Тоскамен», шілдеде Карло Феличе театрының симфониялық маусымы жабылуына және Expo-2015 (Милан) арналған концертте Бетховеннің №9 симфониясымен жұмыс жасадық. Әріптестігіміз мұнымен аяқталмайтынына қуаныштымын, бізді алдағы жылы да «Астана Операда» және Генуяда өтетін қойылымдар күтіп тұр. Дұрыс сөйлеу және нақышына келтіріп орындау бағытында тынбай жұмыс жүргіземіз. «Богеманы» мәнеріне сай орындау ісіне берілу, дүние жүзіндегі ең көп орындалатын опералардың біріне терең үңілу деген сөз, осы жұмысымыздың нәтижесі бойынша әншілер аталған операны әлемнің ірі опералық театрларында орындайды деп үміттенемін.

Сюжет бойынша кейіпкерлердің барлығы жастар, париждік мансардыны мекендеген пақыр зиялы қауым өкілдері: ақын Рудольф, суретші Марсель, музыкант Шонар және философ Коллен. Мұқтаждық – өмір бойы серік, соған қарамастан пәтер ақысын төлеуге де, тамызыққа да көк тиындары болмаған олардың ұнжырғасы түспей, көңілді күн кешеді. Өзі тұратын үйде көйлек-көншек тігетін Мимиді кезіктіретін Рудольфтің жүрегінде ғашықтық оты ұялайды. Мими де оны ұнатып қалғанын жасырмайды. Алайда бақытты күндер ұзаққа созылмайды. Рудольф пен Мимиге айырылысуға тура келеді: нәзік қыз өкпе ауруына шалдығады, ал Рудольфтің үйі дымқыл да, суық. Қыс та артта қалып, Мими Рудольфқа қайта оралады, алайда байғұс қыздың күні санаулы еді.

– Қазақстандық солистердің келуі біз үшін өте маңызды. Карло Феличе театрында әлемдік опера өнерінің ең жарқын жұлдыздары өнер көрсетеді.Әр қойылымда болашағынан зор үміт күтетін жас әншілермен бірге тыңдарманға атақты әншілер ұсынылады. Мариэлла Девиа, Диана Дамрау, Мария Гулегина, Даниэла Десси,  Франческо Мели, Грегори Кунде, Хорхе де Леон, Лео Нуччи, Карлос Альварес, Лука Сальси, Алекс Эспозито, Фабио Луизи, Андреа Баттистони – бұл Карло Феличе театрының афишасынан түспейтін опера жұлдыздары мен дирижерларының бір бөлігі ғана, - дейді Джузеппе Акуавива.

Көркемдік жетекші сонымен қатар «Астана Опера» солисттерінің вокалдық мүмкіндіктері тамаша екенін атап өтті. Ол әншілеріміздің оқуға және білімдерін тереңдетуге деген құлшыныстарына ерекше назар аударды.

@. @assel_assanova