Мұхтар Әуезов театрының 90-маусымының шымылдығы "Абай" спектаклімен ашылмақ

Мұхтар Әуезов театрының 90-маусымының шымылдығы "Абай" спектаклімен ашылмақ
Фото: www.youtube.com

«Жаңа заман туар, жаңа ұрпақ келер. Заман өзгереді. Ол заманды мен көре алмаспын, бірақ көре алмасам да, сол заманға сәлем деңдер, сәлем деңдер достарым» деп Абай аманат еткендей, зымыраған уақыт керуені тоқтаусыз жылжыса да, 1940 жылы А.Тоқпановтың, 60 жылдары Ә.Мәмбетовтың, 90 жылдары Ж.Хаджиевтің, Б.Атабаевтың, 2010 жылдан Е.Обаевтың т.б. режиссурасымен сахналанған қойылым әдемі жалғасын тауып келеді. Әр режиссер, актер ақын жанын әр қырынан ашты, әр кезеңнің өз Абайы, өз көрермені болды.

Ұлы Абайдың шығармашылық тұлғасы өз алдына, қараңғылық қыспағындағы қазақ арасынан асып шыққан, сол қоғамдағы жаңа заманның, өркениеттің бастауы болған, ортасынан оза шапқан шәкірттерінің ішіндегі жақсысын тани білген, адамгершілікті ту еткен, зұлымдықпен күрескен соқтықпалы, соқпалы ғұмырын сахнаға алып шығу бағы мен бабы қатар шапқан өнер иесіне ғана бұйырады. Өмірін өнерге арнаған, театрға жанын беріп, терін төккен талай театр тарланының арманына айналған, еншісіне тимей, қанжығасына байланбай кеткен "Қазақтың бас ақыны" Абай рөлін сомдау – М.Әуезов театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлдің сомдауымен сахна төрінен орын алмақ. Сонымен қатар, "Абай" трагедиясында өнердің жілігін шағып, кіл майын ішкен М.Әуезов театрының сахна саңлақтары өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Әйгерім – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Д.Жүсіп, Айдар – «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Е.Дайыров, Ажар – «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Н.Қарабалина, Мағауия –  Ж.Байсалбеков, Әбдірахман –  Б.Айтжанов,  Оразбай – ҚР еңбек сіңірген артисі  А.Бектемір,  Жиренше –  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б.Тұрыс, Тәкежан – Ж.Әміров, Керім –  ҚР еңбек сіңірген қайраткері Д.Ақмолда,  Баймағамбет –  ҚР еңбек сіңірген қайраткері О.Қыйқымов, Зейнеп –  ҚР еңбек сіңірген артисі Р.Хаджиева т.б.

Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан - саулық ойда жоқ әуел баста - ақ, – деп Абай толғанғандай, заман озса да, артына тозбайтын сөз қалдырған  Ұлы ақынның өмірін, шығармашылығын арқау еткен қойылымды көргіңіз келсе, М.Әуезов театрына асығыңыз!

Қ. Бүйенбай