«Керей хан-Хан Жәнібек» спектаклі қойылды

«Керей хан-Хан Жәнібек» спектаклі қойылды
Фото: Мерей Қартов

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры мен «Дариға-ай» жастар театры бірлесіп қойған «Керей хан-Хан Жәнібек» спектаклінің премьерасы 18-19 қыркүйек күндері өтті.

Пъеса авторы − жазушы, драматург Айбек Тілеухан. Тарихи туындыны жан-жақты зерттеп, тыңғылықты дайындағаны, оқиға желісінің тартысты құрылуы айқын аңғарылады.

Ендігі кезекте пьесаның төрт аяғын нық басып, қалың елге ұсыну үшін режиссердің еңбегінің ерен екенін ескерген жөн. Бұл спектакльдің аяқтан тұруына екі айдай еңбек еткен, Семейге арнайы Астанадан келген Нұрлан Жұманиязовтың орны ерекше. Жазылған туындыға жан бітіріп, дем салатын режиссер екені даусыз. Осы тұрғыдан Нұрлан Жұманиязов сүрінбей өтті. Көп жылғы тәжірибесімен, кәсіби режиссерлігімен, таланты мен еңбегінің арқасында театрды тағы бір белеске көтерді. Көп ешкім жүрегі дауалап бара бермейтің тарихи туындыға тың шешімдер әкелді, қалың жұртқа ұялмай көрсететін туынды өмірге келді.

Аталған спектакльді қалың жұртқа ұсынбас бұрын қос театрдың директорлары Бауыржан Төлеков пен Амангелді Бахтин Семей қаласының зиялы қауымын алдын-ала театрға жинап, ақсақалдардың елегінен бір өткізіп, бұғанасын бекітіп алған.

Сол сәтте сөз алған жазушы Жанболат Молдабеков: «Көруге лайық деп ойлаймын, тарихи тақырып. Авторға оңай емес. Пікірім тарихи шығарма болғандықтан ұрпаққа мағыналы дүние болса деп ойлаймын. Қазақта аттас бастырлар мен билер өте көп, бес-алты Бөгенбай, бәленбай Барақ бар сияқты, автор Танабай биді қосыпты, ол заманда Танабай болды ма, жоқ па деген елде күдік болмауы керек.

Әртістердің ойынына тәнті болдым. Режиссерге көп рахмет. Көп жері сәтті шыққан. Бірақ кейбір тұста дыбыс жетпей жатты, бұның техникалық тұстарын әлі де реттеу керек. Мән бермеуге болмайды. Ондай мүмкіншілік бар. Киімдерді әлі де жақсартса бола ма? Бір жақты қоңырқай қылмай, салтанатты көрінсе, ойын тіпті әсерлене түседі. Спектакльде басты рөльді ойнайтын екі әйел ғана бар. Оларды әлі де өңдесе. Ойынға көп рахмет. Еңбектеріңіз жана берсін. Спектакльді ұялмай көрерменге ұсынуға болады», - деді.

Тарихшы Мұхамедқазы Мұхамадиұлы: «Хандықтың билігі болса бәрі осылай болады. Режиссерге рахмет. Сәбиді дүниеге әкеліп өсіргеніне. Оқиға ұлы даланың төсінде болған. Әділдікке жүгінген халық, бостандықты көксеген ел, халықтың кегіне Әбілхайыр ұшырайды. Ашып-азған ел күн көрісінен айырған соң өшпенділік туды. Сіздер соны аңғарттыңыздар. Декарация ұнады. Көріністерге иланымды. Мазмұны, қойылымы жағынан ұнады. Тәнтімін. Тіл жағына сақ болу керек. Ол маған ұнады. Тілі жатық, түсінікті. Сөз соңында айтатыным, бұл тек қана спектакль емес, үлкен киноға сұранып тұрған шығарма деп бағалаймын», - деп ағынан жарылды.

Тарихшы Амантай Исин болса: «Актерлер, режиссерлерге рахмет. Авторы Айбек тілі төселген журналист, дарынды драматург қой. Бүгін сіздер шақырған соң студенттермен келіп отырммын. Бұларға да тәрбие болсын деп. Актерлердің ойыны ұнады. Керей мен Жәнібек әлі ашыла түссе. Спектакльде айғай шу көп. Қатты сөздер көп айтылады. Біздің елімізде жазу мәдениеті ертеден қалыптасқан, спектакль барысында осыны да көрініс ретіне көрсетсе ұтымды болар ма еді деп ойлаймын. Бұлар жалғастырушылар. Біртұтас елден хандық құрып, өз алдына дербестік туын желбіреткен сәт. Одан кейін тағы бір айтатын нәрсе, жынданған қыз образы қайталанған сияқты, Қарагөзде де, басқада да осы шешім, бір жолын тапса жақсы болар еді. Спектакльдегі романтикалық сәттер жақсы шыққан. Ол кезде де махаббат, сүйіспеншілік болды ғой. Ұлы оқиғаға лайық туынды. Құттықтаймын!», - деді.

Жолдаған: Мерей Қартов

Ф. Абилова