Мүсірепов театры Қарағанды мен Көкшетау қаласына гастрольдік сапармен барады

Мүсірепов театры Қарағанды мен Көкшетау қаласына гастрольдік сапармен барады

Ғ. Мүсірепов  атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 9-17 сәуір аралығында Қарағанды, Көкшетау қалаларына гастрольдік сапармен барады.

2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы атап өтілуде. Ең басты мәселе - Қазақстан Халықтар Ассамблеясы көтерген Кезектен тыс Президент сайлауын өткізуі болып отыр.

Осы орайда, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры көптеген саңлақтарды дүниеге әкелген киелі топырақ – Сарыарқа өңірінінің жұртшылығымен дидарласып, шығармашылық жетістіктерін бөлісіп, Қарағанды халқына жаңа да тың сахналық туындыларын таныстырмақ ниетте. Сондай-ақ, Ақмола өңірінің жұртшылығына да жаңа туындыларын паш етеді.

Ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының өзегі – ел бірлігін сақтау. Бірліктің арқасында еңселі ел болудың даңғыл жолына түсіп, әлеуетіміз артып, дәулетіміз еселенуде. Елбасымыз ұстанған осы бағыт-бағдарды алдымызға жаққан жарық шырақтай игі мұрат-мүддеміз етіп, еліміздің патриот азаматы ретінде қолдап-қуаттау басты парыз.

Гастрольдік сапар барысында театрдың өткен жылғы жетістіктері және алдағы жоспарлары жайында театр директоры - Сұлтан Сраилов, көркемдік жетекші – Ерлан Біләлов сөз етеді. Сондай-ақ, Лидия Кәденова, Сағат Жылгелдиев, Жібек Лебаева, Шолпан Сіргебаева, Рахман Омаров, Әсет Иманғалиев, Бақыт Тушаев, Гүлбахрам Байбосынова, Данияр Базарқұлов, Еділ Рамазанов, т.б әртістердің қатысуымен баспасөз-конференциясы өтеді.

Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрының көрермендеріне ұсынылатын  қойылымдар:

1) 9 сәуір. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  (авт. Ғ.Мүсірепов, реж. Ж.Хаджиев) трагедиясы;

2) 9-11 сәуір. «Ер көжек» (авт. Ө.Боранбаев, реж.И.Әбілмәжінов) ертегісі;

3) 10 сәуір. «Қара шекпен» (авт. Г.Хугаев, реж.А.Маемиров) әфсанасы;

4) 11 сәуір. «Мен, ұмытылмаймын...»  (авт. М. Мақатаев, инсц. және реж. Б.Сейітмамытұлы)  лирикалық  драмасы;

5) 12 сәуір. «Келіндер көтерілісі» (авт. С.Ахмад, реж. М.Ахманов) комедиясы;

6) 13 сәуір. «Естайдың  Қорланы»  (авт. Иран-Ғайып, реж. М. Ахманов) махаббат-намасы.

Ш.Құсайнов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көрермендеріне ұсынылатын  қойылымдар:

1) 15 сәуір. «Естайдың  Қорланы» (авт. Иран-Ғайып, реж. М. Ахманов) махаббат-намасы.

2) 16 сәуір. «Келіндер көтерілісі» (авт. С.Ахмад, реж. М.Ахманов) комедиясы;

3) 15-17 сәуір. «Ер көжек» (авт. Ө.Боранбаев, реж.И.Әбілмәжінов) ертегісі;

4) 17 сәуір. «Қара шекпен» (авт. Г.Хугаев, реж.А.Маемиров) әфсанасы.

Алып шаһар – Алматыдан келген киелі Өнер ордасы ұсынған қойылымдарды көріп, көзайым болудан қалыс қалмайық, ағайын!  

Сурет: Баспасөз бөлімі

Н. Айдархан