Алматы опера мен балетке бөленеді

Алматы опера мен балетке бөленеді

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет  театрында маусымның 20-24 аралығында «Казкоммерцбанк» АҚ қолдауымен өтетін ІІІ Халықаралық опера және балет өнерінің фестиваліне қатысты баспасөз отырысы өтті. Баспасөз отырысына «Қазақстан Музыка Қайраткерлері Одағы қоғамдық бірлестігі» атқарушы директоры Валерий Кузембаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, МАОБТ бас дирижері Нұрлан Жарасов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Баспақова, ҚР Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева мен фестивальге арнайы шақырылған қонақтар итальяндық дирижер Марко Балдери, Оңтүстік Корея операсының жұлдыздары Йонг-Ми Ким мен Ли Вон Йонг қатысты.

«Қазақстан Музыка Қайраткерлері Одағы қоғамдық бірлестігі» атқарушы директоры Валерий Кузембаев ұйымдастырушылардың фестивальге дайындығы басталған кезде әуелі басты назарды репертуарға аударғаны туралы айта кетті. «Фестиваль аясында Дж.Пуччинидің «Богема» және «Турандот» опералары шырқалады. Біз өнерсүйер қауымға жақсы таныс әрі кеңінен танымал екі операны таңдадық. Ал балет қойылымдарына келер болсақ, «Аққу көлі» аты аңызға айналған қойылым. Кез келген балет театрының репертуарынан көрінеді. «Анна Каренина» қойылымы театрдың бетке ұстары әрі мақтанышы. Қойылымда тек қана біздің өнерпаздар бой көрсетеді. «Анна Каренина» арқылы біз көрермендерді театр әртістерімен жақынырақ таныстыруды көздейміз» деді Валерий Кузембаев. Фестивальге қатысатын шетелдік өнерпаздар қалай іріктелді деген сауалға Валерий Кузембаев: «Бұл ретте ұйымдастырушыларға итальяндық дирижер Марко Балдери көмектесті. Алдыменен дирижерді тауып алдық, кейін бірлесе отырып әншілерді іздестіре бастадық» деп жауап берді.

Дирижер Марко Балдери (Италия):

«Қазақ мәдениеті мен өнерінен хабардармын. Театр әртістерімен бірнеше күннен бері дайындалып, жұмыс істеп жүрмін. Кәсіби біліктілігі мықты. Әрине, оларға сын да айтамын, қатты сөйлеймін. Бірақ, олардың өнерлерін жоғары бағалаймын. Сондай-ақ, кеше мен консерваторияға бардым. Маған өте ұнады. Алдағы күндері консерватория студенттеріне мастер-класс өткіземін. Сіздердің классикаға ерекше құрмет білдіретіндеріңізге тәнтімін»

Оңтүстік Корея операсының жұлдызы Йонг-Ми Ким:

«Қазақстанда өткізілетін өнер фестиваліне келуім алғаш рет. Бүгін театр әртістерімен танысып, қойылымға дайындықты бастадық. Барлығының дауыстары зор, өз ісінің шеберлері. Бір ғана тілегім, барлығы итальян тілін меңгеріп алса екен. Себебі, операны түпнұсқа тілінде айту керек. Сонда ғана  әнші өз партиясын тереңірек түсінеді. Фестиваль қарсаңында театр әртістері базарда ән шырқаған екен. Бейнесюжетті қарап отырып, қатты таңдандым. Кореяға барған бойда осындай халық көп шоғырланған мекенде ән шырқап, игі шараны өткізетін боламын»

Осы аптада Алматы опера мен балетке бөленеді. Фестиваль шымылдығы 20 маусым, сәрсенбі күні Дж.Пуччинидің «Богема» операсымен ашылады.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Ғ. Ұзақ