"Адал жар" - өзекті мәселелерді қозғайтын қойылым

"Адал жар" - өзекті мәселелерді қозғайтын қойылым

М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс театры өз көрерменіне «Адал жар» атты тағы бір тамаша қойылымды тарту етті. Бұл қойылым биылғы театр маусымының соңғы премьерасы. Сомерсет Моэмның «Адал жар» пьесасын сахнаға режиссер Владимир Молчанов алып шықты.

Пьесаның дүниеге келгеніне бір ғасырдың жүзі болса да, ол бүгінгі күнде өз өзектілігін жоғалтпады. Комедиялық жанрда қойылған «Адал жар» спектаклі қоғам мен жанұядағы әйел мен ер азамат мәселелерін көтереді. Әйел мен ер азамат арасындағы теңсіздік, қоғамдағы қарым-қатынас, нәзік жандылардың құқығын қорғау сияқты өзекті мәселелердің шешімін қарапайым ағылшын отбасындағы болған оқиға табуға жол береді. 

Оқиға 20 ғасырдың басында Англияда өтеді. Басты кейіпкерлер он бес жыл бірге өмір сүрген ерлі-зайыптылар. Констанс Миддлтон кәделі кәсіптің етегін ұстаған жары дәрігер Джонға бар жағдайды жасап, шаңырақ берекесін кіргізіп отырған үй шаруасындағы әйел. Үй тірліктерінен босаған сәтте ол ең жақын құрбысы Мари-Луизамен әңгіме-дүкен құрып, анасы мен оң жақта отырып қалған сіңлісі Мартамен сырласады. Жолдасы Джон болса, тәулік бойы науқастарды емдеп жазады. Үздіксіз қызмет етіп, тіпті, үйіне де қонбайды. Жарының еңбекқорлығын жоғары бағалап, оның ауыр жұмысына түсіністікпен қараған Констанс Миддлтон оған іштей аяушылық білдіреді. Күндердің күнінде сіңлісі Мартаның арқасында ол жолдасының оның көзіне шөп салып жүргенін біліп қояды. Сүйікті жары оның ең жақын құрбысымен көңіл көтеріп жүр екен. Жарының бұл қылығын білгеннен соң, ол кек қайтаруды ойластырады. Алданған ол ақылға тоқтап, саналы шешім қабылдайды. Өз шешімінің нәтижесінде Констанс әйел құқығын қорғай отырып, қоғамда әйел мен ер азамат тең екендігін көрсетеді.

«Адал жар» қойылымының басты кейіпкері жүрегіне қаяу түсірген жағдайдың бар ауыртпалығын көтереді. Жолдасының опасыздығын біле тұра, ол өз ошағын сақтап қалуға тырысады. Өз бақыты үшін күреседі.

Қойылымда Лариса Паукова, Виталий Багрянцев, Нина Жмеренецкая, Ольга Ландина, Анна Фоминых, Андрей Кочинов, Татьяна Эйнис, Александр Федосеев, Андрей Тарасов т.с.с театр және кино актерлері бой көрсетеді.

Бұл қойылымды көретін көзі қарақты көрермен қауымның кейіпкерлер туралы ойы әр қилы болуы мүмкін. Бірі әйел затының тірлігіне түсіністікпен қараса, бірі даттауы мүмкін. Режиссер Владимир Молчановтың айтуы бойынша, ол қойылым арқылы күнделікті күйбең тіршілікті көрсеткісі келгендігін, қойылымды тамашалаған әрбір көрермен ақылға тоқтап, өз өміріне көз жүгірту керектігін айтты.

«Адал жар» қойылымын театр сахнасынан маусымның 21 мен 30 жұлдыздарында көруге болады.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: tl.kz, zakon.kz

Ғ. Ұзақ