Бүгін Қазақстан Композиторлары одағының 75 жылдығына арналған мерейтойлық концерт өтеді

Бүгін Қазақстан Композиторлары одағының 75 жылдығына арналған мерейтойлық концерт өтеді

30 қазан күні сағат 19.00-де "Астана Опера" театрында Қазақстан Композиторлары одағының 75 жылдығына арналған мерейтойлық концерт өтеді, − деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Биыл Республикамыздың Композиторлар одағы 75 жылдық мерейтойын атап өтуде. «Астана Опера» мерейтой иелерін 30 қазанда театрдың Камералық залында өтетін концертпен құттықтайды. 

Концерттің бағдарламасында классиктердің шығармалары, сондай-ақ Композиторлар одағының бастауында тұрған композиторлар – Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди және басқаларының туындылары кеңінен ұсынылған. Мұнымен қатар, кештің ажарын Сыдық Мұхамеджанов, Ғазиза Жұбанова, Бақытжан Байқадамов, Еркеғали Рахмадиевтің, сондай-ақ замандастарымыз - Серік Еркімбеков, Жоламан Тұрсынбаев, Серікжан Әбдінұров, Әліби Әбдінұровтың шығармалары ашады. Концертте камералы-вокалдық және камералы-аспаптық жанрдың музыкасы орындалады.

Аталған концерттің құрметті қонағы – Қазақстан Композиторлары одағының басшысы, А.Александров атындағы сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан журналистері одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты (1996, 1999), «Астана-Бәйтерек» конкурсының жеңімпазы (2004, 2007), күміс медаль иесі (1987) Балнұр Қыдырбек.

Концерт «Астана Опера» театры солистерінің және Қазақ Ұлттық өнер университеті студенттерінің қатысуымен өтеді. 

Билет бағасы 1500 теңгені құрайды

Ф. Абилова