Долорес Үмбетәлиева Бибігүл Төлегенова атындағы конкурстың үздік концертмейстері атанды

Долорес Үмбетәлиева Бибігүл Төлегенова атындағы конкурстың үздік концертмейстері атанды

«Астана Опера» театрының концертмейстері Долорес Үмбетәлиева «Бибігүл Төлегенова ат. VII Халықаралық вокалистер конкурсының үздік концертмейстері» деген құрметті дипломға ие болды. Аты аңызға айналған қазақ әншісінің 85 жылдығына арналған конкурс Астанада қыркүйектің 19-ы мен 27-сі аралығында жүрді. Сайысқа 12 елден келген вокалистер қатысып, Бибігүл Ахметқызы Төлегенованың өзі төрайымы болған халықаралық әділ қазылар алқасының сүзгісінен өтті.

Долорес Үмбетәлиева Ресей, Армения, Украина, Өзбекстан және Моңғолиядан келген он қатысушыны сүйемелдесе, соның бесеуі финалдық кезеңге өтіп, сыйлықтарға ие болды. Концертмейстер бар қиындық музыкалық материалды көп көлемде ұсыну керектігінде болғанын атап өтті. «Бұл өмірімдегі бірінші конкурс емес, көптеген жайт күнделікті жұмыста да кездесіп жатады, сондықтан аталған конкурстағы көптеген сәт маған таныс. Орындаушылар әртүрлі болды, тіпті біреулер конкурсқа бір күн қалғанда келіп жатты. Бізге бір тәулік ішінде жұмысқа кірісіп, дайындалып, номерлерге репетиция жасауға тура келді», - дейді Долорес Үмбетәлиева.

Қазылар алқасының мүшелері концертмейстердің кәсіби деңгейін атап өтті, нәтижесінде Бибігүл Төлегенова Долорес Үмбетәлиеваға батасын беріп, Дипломын табыс етті. «Мен Сізді құттықтаймын, оқушыларыңыз лайықты орындарды иеленді», - деді Бибігүл Төлегенова. «Шеберлігіңді тек пианиношы ғана емес, бірінші кезекте, ансамбльдік орындаушы ретінде көрсете білетініңді сезінген қуантады», - деп атап өтті Долорес Үмбетәлиева.     

Долорес Үмбетәлиева профессор В. И. Тебенихиннің класы бойынша (фортепиано) Құрманғазы атындағы АМК (1985-1990), Қырғыз ұлттық консерваториясының профессоры Ю. Б. Кузнецова класында ассистентура-сынақты (2001-2003), сондай-ақ Қырғызстан Халық әртісі Б. Телегеновтың класында опералық-симфониялық дирижерлық етуді (2008-2010) тәмамдады.

Дайындаған: Шаттық Қали 

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

М. Оңғарова