Кеше алматылықтар Алмас Шаяхметов және Гүлнұр Шыңғысовамен сырласты

Кеше алматылықтар Алмас Шаяхметов және Гүлнұр Шыңғысовамен сырласты

Бірнеше ай бұрын М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында “Сырласу” клубы жұмысын бастаған болатын. Мұнда ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева, Құман Тастанбеков пен жары Меруерт Өтекешова (Қыз Жібек пен Төлеген), актер Бақтияр Қожа, актриса Салтанат Бақаева сынды театр өнерпаздары көрермендермен кездесу өткізіп, сыр шертіп үлгерді.

Айтулы жобаның мақсаты – өнер ордасында еңбек етіп, есімдері тарихқа айналған тұлғаларды, бүгінгі сахна өнерінің майталманы атанған актерлар шоғырының өнері мен өнегелі өмірін көпшілікке таныстыру екен.

Кеше, яғни, 24 сәуір күні  М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының жас актрисасы Гүлнұр Шыңғысова мен "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты, актер Алмас Шаяхметов "Сырласу" клубында қонақта болды.

Қос талант жастардың барлық сұрақтарына жауап беріп, өнер мен өмір, шығармашылық, театр қойылымдары туралы әсерлі әңгіме айтумен болды. Көрермендер тарапынан: "Өнерге қалай келдіңіз?", "Актерліктен басқа қандай өнерлеріңіз бар?", "Өзіңіз армандайтын рөліңіз?", "Қандай театр өнерпаздарын бағалайсыздар?", "Қойылымдар қанша уақыт дайындалады?", "Отбасыларыңыз бар ма?" сынды сауалдар қойылды.

Кездесу соңында Алмас Шаяхметов  әлемдік классикадан опера орындаса, Гүлнұр Шыңғысова "Гауһар тас" әнін, және екеуі бірге әлемдік классикадан Дж. Вердидің шығармасынан үзінді айтты.

Жас актерлардың емен жарқын  отырып бөліскен әңгімелеріне жиналған көрермен ерекше ризашылықтарын білдіріп, қолтаңба алып, естелік суретке түсіп тарасты.

Қара шаңырақтың "Сырласу" клубының көрермені болуға шақырамыз!

Дайындаған және суретке түсірген: Айгерім Сматуллаева