"Отелло" қазақ сахнасында үшінші рет қойылмақ

"Отелло" қазақ сахнасында үшінші рет қойылмақ

Қазақтың Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының репертуары тағы да бір классикалық қойылыммен толықпақ. Бұл – осыған дейін "Гамлет", "Ромео мен Джульетта", "Апалы-сіңлі үшеу" сынды әлемнің үздік қойылымдарын сахналап келген әкемтеатрдың ғана жетістігі емес, қазақ театр өнерінің жетістігі деп білеміз.

Біз "Отеллоны" өз сахнамыздан алғаш рет тамашалағалы отырғанымыз жоқ. Бұл шығарма М. Әуезов театрында осыған дейін екі рет сахналанды (1939, 1969 жж). Дегенмен, бұл қойылым бұрынғыдан өзгерек. Үшінші рет шымылдығын түргелі отырған "Оттеллоны" ресейлік және беларусь мамандары дайындады. Құрам төмендегідей:

Қоюшы-режиссер: Н.Птушкина /Ресей/

Қоюшы-сценограф: Б. Валуев /Ресей/

Кәстөм суретшісі: А.Игруша /Беларусия/

Музыка және пластикалық шешім: В.Чекасин /Ресей/

Режиссердің ассистенті: М.Қапалбаев

Шетелдік театр мамандарымен тығыз  байланыс жасап, өзара мәдени сабақтастықты нығайтып келе жатқан М. Әуезов атындағы академиялық драма театры өз көрермендеріне шынайы, сапалы туынды тарту етеді деп сенеміз.

Төрт ай уақыттан бері қазақ өнерпаздарымен жұмыс істеген драматург, режиссер, сценарист Н. Птушкина: «Отеллоның» дайындығына кіріспес бұрын театр қойылымдарын көріп шықтым. Бірінен бірі өтетін актерлерге таңырқағанымды жасыра алмаймын. Труппадағы шығармашылық ұжымға ризамын. Нені айтсаң да тез игеріп алады. Кәсібиліктері қызықтырды. Ең бастысы, театрды шексіз сүйеді" деген оң бағасын беріп отыр. Режиссер жаңа қойылымның алдыңғыларынан заманауи сценографиясымен, әуенімен, сахналық көріністерімен өзгеше болатындығын айтады.
Айта кетейік, Надежда Михайловна Птушкина 70-тен астам пьесаның авторы. Оның туындылары Ресей театрларында ғана емес, ТМД елдерінде және шетелдерде қойылған. Н. Птушкинаның «Пока она умирала», «Плачу вперед!», «Все, что я знаю о наших мужчинах и женщинах», «При чужих свечах», «Ненормальная», «Овечка», «Корова», «Приходи и уводи», «Мажор», «Браво, Лауренсия!» сынды қойылымдары ел арасында кең танымал және еуропалық тілдерге, жапон тіліне аударылған екен.

Н. Птушкина

Ержүрек әскербасы, бекзат нәсілді мавр Отелло Сенат мүшесі Брабанционың қызы, венециялық жап-жас сұлу Дездемонаға үйленіп, арманына жетеді. Бірақ, екі жастың бақытты шағы тым аз уақытқа созылды. Отеллоны аяғынан шалғысы келетін және Дездемонаға сырттай ғашық көмекшісі Яго мен Венеция дворяны Родриго ортаға от салады. Кассио мен Дездемона туралы алып-қашпа әңгімелер тарай бастайды. Ақырында, екі қудың «Ол сізге адал емес» деген алдау-арбауына түскен Отелло неке түні Дездемонаны өлтіреді де, Кассионың көзін құртуға бұйрық береді. Соңында алданғанын білген соң, ішқұса болып, өзіне қол жұмсайды. Әу бастан-ақ үйлесімі аз бұл неке осылайша қайғымен аяқталады. 

Батырлық пен махаббат, сатқындық пен араздық, өкініш пен адасу... Қадым заманнан бері өзектілігін жоғалтпай келе жатқан осы тақырыптар "Отеллоға" да арқау болмақ. ХVІІ ғасырдан бері әлемнің көптеген сахналарында қойылып келе жатқан трагедия тіпті небір ұлы идеялардың өзі ешқашан да адам өмірінің өтеуі бола алмайтынын алға тартады.

"Отелло" рөліндегі актер Ерлан Біләл

Шекспирдің осы бір салмағы мен жауапкершілігі басым туындысын ел алдына шығаруды мойындарына алған актерлік құрамның қатарында Е. Біләл (Отелло), Р. Сенкебаев (Яго), М. Мұхтарұлы (Родриго), Е. Дайыров (Кассио), Д. Жүсіп (Эмилия), Л. Тілеуова (Дездемона) т.б бар.

ХХІ ғасырмен жаңарған "Отеллоны" бірге тамашалайық!

Қойылым премьерасы 22, 24 сәуір күндері өтеді.

Автор: Айгерім Сматуллаева

Сурет: театрдың баспасөз қызметі