Театрға барып, киноға тап болыңыз!

Театрға барып, киноға тап болыңыз!

28 наурызда «Астана Опера» театрының камералық залында сүйікті кинофильмдер музыкасынан «Экран Мелодиясы» атты концерт өтеді. Концерт «Біржан Сал», «Ақ Бим, қара құлақ», «Автомобильден сақтан», «Қатыгез романс», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір күні Америкада», «Қызметтестер хикаясы» және тағы басқа танымал фильмдердің музыкалық композицияларынан құралып, сол фильмдердің кадрларымен әрленеді.

Кеште Татьяна Вицинская, Жәмиля Жарқымбаева, Бағдат Әбілханов, Балжан Сапарова және басқа да театр солистері өнер көрсетеді.

Концерттің дирижері әрі авторы республикалық конкурстардың лауреаты Әлихан Ыдырысов: «Бәрінен де «Леонид Гайдай кинофильмдерінің музыкасынан» орындалатын попурри қызық болғалы тұр, себебі оның әндері кімге болса да таныс. Аталған концерттің жалғасы бар, алдағы уақытта біз балаларға арналған және бүгінгі киноның музыкасын да ұсынбақшымыз», - деп, «Астана Операның» симфониялық оркестрі кез келген музыканы, соның ішінде кино музыкасын да ойнай алатынын атап өтті.

Аталған кеште орындалатын әндер көрнекті композиторлардың шығармашылығының арқасында әйгілі болды. Музыкатанушы Сәуле Мәулетова концертте көпшілікке композитор-жыршы ретінде танымал Александр Зацепиннің шығармашылығы кеңінен ұсынылатынын айтты: «Зацепин өзінің шығармашылық жолын Алматыда бастады, сол жерде ол консерваторияны тәмамдады. Алғашқы музыкасын Қазақстанда баршаға әйгілі «Біздің сүйікті дәрігер» атты кинофильміне жазды. Ондағы әндерді белгілі әншілер Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенова шырқады».

Кеңес Одағында кезеңінде аса танымал болған Александр Зацепин мен Эльдар Рязановтардың шығармашылығының жемісі әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Мәселен, «Ы операциясы» және Шуриктің басқа да бастан кешкендері» кинофильмінде орын алған тамаша әуендерді осы кеште тамашалай аласыздар. Сондай-ақ кеште Стивен Спилбергтің әлемдік, жаһандық тақырыпты бейнелейтін шығармашылығы да ұсынылатын болады. «Шиндлер тізімі» фильмінен түскен барлық қаламақыны «Шоа қорына» беріп, жұртшылықтың қошаметіне бөленген режиссердің де шығармашылығына осы концертте ден қойылады.

Концерт 28 наурызда 19:30 болады, билет бағасы 1 500 теңгені құрайды.

Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina