«Астана Опера» Алматы көрермендерін қуантып кетті

«Астана Опера» Алматы көрермендерін қуантып кетті

«Астана Опера» театрының Қазақстанның мәдени астанасы Алматыдағы гастролдік сапары аяқталды. Труппа гастрольде сыннан өткен қойылымдарын паш етіп, талғамы зор көрерменнің көңілінен шығуға барын салды.

Бір аптаға созылған концерттің бірінші күнінің шымылдығы көпшіліктің көзайымына айналған «Бiржан-Сара» қазақ операсымен ашылды. Халықтың жоғын жоқтап, мұңын жеткізуші-қорғаушы ақынның рөлін Мариинский театрынан шақыртылған Ахмет Ағади, Сараның партиясын отандық өнер жұлдызы Айгүл Ниязова орындады. Әкелінген қойылым Қазақстанда көрсетіліп жүрген үйреншікті нұсқадан айтарлықтай өзгеше болды. Опера үшін ең маңыздысы – партитура, бұл жерде ол ешбір қысқартусыз, ұлттық игілікті түпнұсқада тыңдауға мүмкіндік беретін толық нұсқада ұсынылды. Тағы бір жаңалығы – туынды соңында ақын Біржанның халқына деген шексіз сүйіспеншілігі мен жарқын болашақ жайлы арманға толы шабыттандыратын әндерімен бірге өмірге қайта келетіні. Көрермен операны жылы қабылдап, «Браво!!!» деп баға берді.

Гастрольдік бағдарлама кішкентай көрермендерді де назардан тыс қалдырмады. Гастрольдік сапардың екінші күні балаларға арналып «Петя мен Касқыр» симфониялық ертегісі қойылды. Балалар үйі мен мектеп-интернаттардан келген балаларға арналған қайырымдылық концерті кішкентай көрермендер үшін нағыз сый болды. Аталған туынды алғаш рет қазақ тілінде қойылды, аударған - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев. Бұл ертегі музыкалық әліппе іспеттес тыңдарманын аспаптың «дыбысымен» ойын түрінде таныстырады. Мысалы, «Қасқыр» – валторна, «аңшылар» – дауылпаз, үлкен дабыл аспабы және т.б. Бұл да кішкентай көрермендердің, оларды ертіп келген үлкендердің де көңілінен шыққаны сөзсіз.

Сол күннің кешінде «Қазақконцерт» залында қазірде Испанияда тұратын жерлесіміз скрипкашы Ержан Күлібаевтың концерті ұйымдастырылды. Ол «Домбыра туралы аңызды» жеке орындап, «скрипканың құлағында ойнады». Симфониялық  концертте ұлы  композиторлар – Сергей Рахманинов, Петр Чайковскийдің музыкасы ұсынылды. Жиналған жұрт кларнет пен скрипканың үндестігін, күрделі, дәлме-дәл, үйлесімді орындалған жеңіл де нәзік әуенді тамашалады. Абзал Мұхитдинов басқаратын жас оркестр мысты, соқпалы, ішекті аспаптар арасындағы балансты сақтап, тамаша өнер көрсетті. Бұл да қазақ даласында классикалық музыканың мәртебесі жоғары екендігінің дәлелі. Кешті тамашалаған біршама өнер майталмандары оркестр жұмысына жоғары баға беріп, үміті зор екендігін айтты.

Труппа дайындаған гала концерт жаңа театрдың өмірге келуінен сыр шертуімен ерекшеленді. Мұнда әлемдік классикалық туындылардың барлығы дерлігі орындалды. Жұпар Ғабдуллина Дж. Вердидің «Аттиласынан» Одабелланың ариясын, Жанат Шыбықпаев С. Мұхамеджановтың «Айсұлуындағы» Серке каватинасын, Дина Қамзина К. Сен-Санстың «Самсон мен Далиласындағы» Далила ариясын, Сүндет Байғожин Дж. Россинидің «Севильдік шаштаразындағы» Фигаро каватинасын, Гүлзат Дәуірбаева А. Каталанидің «Валлиіндегі» Валли ариясын асқан шеберлікпен шырқады. Сонымен қатар «Астана Опера» театры балетінің ең үздік қойылымдарының ішінде П. И. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетіндегі нереидтер биі, Минкустың «Дон Кихот» балетіндегі гран-паны дайындап әкелді. Гала-концерт А. Бородиннің «Игорь Князіндегі» жалынды қыпшақтар әні және биімен аяқталды. Көрерменге қарап тұрған 16 адам бір мезетте бірдей арқасын беріп бұрылды – бұл оңай жұмыс емес, алайда балет әртістері оны мүдірместен орындап шықты. Осылайша «Астана Опера» театры Абай атындағы МАОБТ сахнасында өткен гала концертте өзін толыққанды көрсете білді.

7 ақпанда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жетекшілік еткен камералық хордың концерті «Қазақконцерт» сахнасында өтті. Хор музыкасының барлық бағыттарында өнер көрсететін ұжым көрерменге зор қуаныш сыйлады. «Пушкиннің алқагүлінен» бастап Мансұр Сағатовтың «Дала мен гүлі» сынды күрделі шығармалар шырқалды. Осы кеште Әліби Әбдінұровтың  «Анадан Туған» шығармасының тұсауы кесілді. Концерт аяқталғанда көрермен әртістерді үш мәрте биске шақырды, солардың бірінде орындалған қазақ әндерінің попурриі қазақ өнерінің биік шыңын паш етті.

Хордың өнерінен кейін көрерменді балеттік қойылым күтіп тұрды. «Ромео мен Джульетта» балеті «Опера Бордо» театрының директоры  – Шарль Жюдтің француздық қойылымы, негізінде өзінің ұстазы әрі үлкен досы болған, онымен бірге бір сахнада айтарлықтай ұзақ уақыт билеген Рудольф Нуриевтің қойылымындай байырғы классикалық стильде қойылды. Итальяндық шеберлер Эцио Фриджерио мен Франко Скуарчапино 16 ғасырдағы Италияның тарихи дәуірін дәлме-дәл жеткізе білді. Сицилиялық стильде алтын суретпен безендірілген қара төртбұрышты бағаналардың айналасында ең қайғылы махаббат оқиғасы өрбіді. Мәдина Баспаева мен Тайыр Гатауов сезімдерін залға тамаша жеткізе білді. Мұңсыз, қамсыз қыз Джульетта көрерменді өзінің аңғалдығымен баурап алды. Спектакль соңында бәрі өзгереді, басты кейіпкер басқа кейіпке еніп, енді өз бетінше шешім қабылдай алатын бойжеткенге айналады. Соңғы көріністегі Джульеттаның Ромеосын жоқтауы ешкімді бей-жай қалдырған жоқ.

Камералық оркестрдің концерті гастрольдің алтыншы күнінде, 9 ақпанда өтті. Кеште: П. И. Чайковскийдің Ішекті серенадасы мен жарқыраған балерина Майя Плисецкаяға арнап жазылған Бизе-Щедриннің «Кармен сюитасы» орындалды. Сюжетке Тореро есімді жас жігіттен қызғанамын деп сүйіктісі - сыған қызы Карменді өлтіріп қойған Хозе есімді сарбаз жайлы қайғылы аяқталатын оқиға арқау болды. Қазақстанда «Кармен сюитаны» күнде орындай бермейді, әуені ерекше шығарма ішекті және соқпалы аспаптардың серпінді үйлескенін көрсетті. Осы кеште үлкен табысқа жеткен оркестрдің көрнекі бояуы ерекше бейнелі болды.

Классикалық би стилінен модернге оңай ауыса алатын «Астана Опера» театрының балеттік труппасының бір ерекшелігі десек болады.

Гастрольдік бағдарлама ресейлік қоюшы хореограф Борис Эйфманның «Роден» балетімен аяқталды. Туындының ерекшелігі - көрерменнің бірінші планда бақытсыз мүсіншіні, психологизмді, жүрегі жараланған үш адамның қайғылы оқиғасын көретіндігінде. Екі бөлек кемеңгердің арасында – махаббат пайда болады, дәл осы сезім Роден үшін, оның әйелі Роза мен мүсіншінің музасы - Камилла Клодель үшін де қайғыға айналады. Балеттің сценографиясы родендік дәуірге ұқсамайды, мұнда автордың балет кейіпкерлеріне деген қарым-қатынасы көрсетілді. Қоюшының жұмысы суретшінің өмір жолы қаншалықты қайғылы болатындығы туралы ой тастайды. Спектакль соңында өшпес өмір сұрағы: «Бола ма, болмай ма?» деген сұрақ қалды. Өзге әлемге (ессіздер әлемі, «ерекше» әлем) кететін, өздерімен бірге әкететін әйелдер тізбегіндегі соңғысы Камиллаға қолын созады, өзіне қарай шақырады. Қолын бірден бере қоймаған Камилла алғашында күдіктенеді, алайда кейін тәуекелге бел буады, осылайша... мәңгілікке кете барады...

Борис Эйфманның туындылары көрерменді ешқашан бейжай қалдырған емес. Гастролдік сапардың соңғы күніне осы қойылым бекер таңдалмағаны анық.

Гастрольдік бағдарламаның соңғы күнінде сөз сөйлеген Төлеген Мұхамеджанов: «Біз мәдени астанамыздың жүрегіне, осы сахнаға шығып, халқымыздың ұлы мәдениетінің негізін қалаған ұлы тұлғаларымыздың рухына тағзым ету үшін келдік. Олар бүгін жас әртістерге батасын беріп, осы киелі сахнада солармен бірге тұр деген ойдамын. Әртістер жай ғана талантты емес, олар жанып тұрған таланттар» - деп атап өтті. Сөзін түйіндей келе Төлеген Мұхамеджанов Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке, Абай атындағы МАОБТ ұжымы атынан Ғабит Несіпбаевқа, сондай-ақ, жеті күн бойы «Астана Опера» театрының труппасына қошемет көрсетіп, қолдаған қала тұрғындарына алғысын білдірді. Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық театры қонақтарын жылы қарсы алып, «Астана Опера» театрының мұражайына Қазақстанның өнердегі көрнекті қайраткерлерінің 11 портретін сыйға тартты. Өз кезегінде «Астана Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов алматылық театр труппасын күзде директор айтқандай, Абай атындағы театрдың қатысуынсыз өтпейтін «Жібек Жолы» атты балеттік-опералық фестивальға қатысуға шақырды. «Астана Опера» театры Абай атындағы МАОБТ-пен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.

Жеті күнде театрдың жас труппасы тәлімгерлер, «шығармашылықтың ата-анасына» айналған ұстаздардың үздік бағасын алды. Енді «Астана Опера» Мариинский, Karnegie Hall, Covent Garden, Garnier Opera сынды әлемдік театрларда өнер көрсетуді көздеп отыр.

Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina