Адамдарға рухани азық сыйлаған кеш

Адамдарға рухани азық сыйлаған кеш

Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері Ержан Даутов басқарған «Астана Опера» камералы хоры «Қазақконцерт» залында ең қиын деген туындыларды табиғи қалпын сақтап, халықтың жүрегіне жеткізе білді. Аталған концерт ақпан айының 7 жұлдызында өтті.

Кеш бағдарламасы барлық бағыттағы хормен жабдықталған. Алғашқы бөлімінде әлем жауһарына айналған Г. Свиридовтың «Пушкин веногі» атты туындысы ұсынылды. Аты әйгілі композитор осы туындыны жаза отырып А. С. Пушкиннің 10 өлеңін хорға айналдырған. «Бар қиындық музыканың әуеніне поэтикалық мәтіндерді дұрыс сыйдыра біліп, оларды халыққа түсінікті етіп жеткізе білуде», - дейді Ержан Даутов.

Кештің екінші бөлімінде ХVIII, XIX, XX, XXI ғасырларға жататын қазақ, орыс және өзге де батыс еуропалық туындылар ұсынылды. Алиби Абдинуровтың «Анадан туған» атты туындысы халыққа алғаш рет ұсынылды. Бұдан өзге Мансұр Сағатовтың «Дала мен гүл», «Ақсақ құлан»  шығармалары орындалды. «Әрбір туындының адам өмірі секілді тағдыры бар. Ал әрбір өлеңге өмірді атақты әртістер сыйлайды. Сол себепті бұл «балалардың» өмірі біздің қолымызда деп ойлаймын», - дейді Ержан Даутов.

Орыс музыкалық хорының мәтіндері А.А.Архангельский мен Пертке тиесілі. Ал композитор Й. Свидер мен Р. Джонсонның  музыкалары Батыс Еуропа бағытын таныстырды. «Хор – адам баласы қолдан жасаған ең қиын бұйымдардың бірі. «Астана Опера» камералы хоры өнер саласындағы айтулы Пьер Луидж Пицци, Елена Образцова және Елдар Абдразақов сынды аты әйгілі тұлғалардың жоғары бағасына ие болған, өзіндік тарихы бар хор. Жоғарыда аты аталған адамдар театрдың әлемдік премьерасынан кейін өте құнды пікірлер айтып мақтады. Мұның барлығы біздер үшін үлкен жетістік және алға деген ұмтылысқа үлкен себеп болып отыр», - дейді Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері Ержан Даутов.

Жанға рухани азық берген кеш соңында жұрт бірнеше туындыларды орындап беруін өтініп, артынша қимай үйлеріне тарады.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Қарлыға Бүйенбай

Қ. Бүйенбай