«Астана Опера» театрында «Евгений Онегин» операсынан лирикалық көріністер ұсынылады

«Астана Опера» театрында «Евгений Онегин» операсынан лирикалық көріністер ұсынылады

25 қаңтарда «Астана Опера» театрының камералық залында «Евгений Онегин» операсынан лирикалық көріністерден тұратын концерт болады.

Концертте  П. И. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан лирикалық көріністер ұсынылады. Қысқартылған операның жартылай концерттік нұсқасы рояльдің сүйемелдеуімен орындалады.

Көпшілік жақсы білетін Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасының желісі Константин Шиловскийдің либреттосына негіз болған. Онегиннің келуі помещиктер отбасы Лариндердің тынышын бұзады. Ольганың күйеу жігіті Ленский, қалыңдығына көз сала бастаған досы Евгений Онегиннің жеңілтектігінен жекпе-жек кезінде мерт болады. Татьянаның сезімін білдірген хатына теріс жауап қатқан Онегин байқаусызда өз қылығымен қыздың сүймейтін адамға қосылуына себепші болады. Драманың мәні бас кейіпкердің Татьяна Ларинаны сүйетінін тым кеш түсінетіндігінде. Ақырында Евгений жалғыз қалады. 

«Көрерменді операның театрланған концерті: костюмдер, пистолеттер, жекпе-жек және тағы басқасы күтіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, спектакльдің өзіндік ерекшелігі сақталады», – дейді «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдинов.  

Орындайтындар: Татьяна – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова, Евгений Онегин – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев, Ленский – Халықаралық конкурстардың лауреаты Нарұл Тойкенов, Ольга - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Гремин князь – Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Артур Қайыпқұлов, Ларина (помещиктің әйелі) – Халықаралық конкурстардың лауреаты Татьяна Вицинская, Филиппқызы (бала бағушы) – Наталья Волковская.

Спектакльдің дирижері әрі мәнерлеп оқушысы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхитдинов Абзал. Сондай-ақ концертке «Астана Опера» хоры қатысады.

Бір бөлімнен тұратын концерт 1 сағат 20 минутқа жалғасады, билет бағасы – 3 000 теңге.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А