«Астана Опера» опералық және балеттік студияға балаларды қабылдайды

«Астана Опера» опералық және балеттік студияға балаларды қабылдайды

«Астана Опера» театрының әкімшілігі опералық және балеттік студияға балаларды қабылдайтынын хабарлайды.

Балетті меңгеруге ниет білдіретіндер 8-10 жас аралығында, опералық студияның үміткерлері 6-15 жас аралығында, балалар хоры, оркестр, аспаптар ансамбліне келем деушілер 10-16 жас аралығында болуы керек. Бірінші кезекте музыкалық қабілетке және музыкалық білімге мән беріледі.

«Астана Опера» академиясы балалар студиясының менеджері Майя Бекназар «Астана Опера» театрының опералық студиясы балалар хоры мен камералық оркестрдің әртістерін дайындайтынын атап өтті. «Жас әртіс үшін өнер көрсеткенде қорқынышқа бой бермей, сахнаға шығуды үйренгені, пластикасы жақсы болып, бойындағы талабын көрсеткені маңызды. Сол үшін опералық студияның қатысушылары актерлік шеберлік мектебінің дайындығынан өтеді», – дейді ол.  

«Дәріс балаларға сахна әлемінің қыр-сырын толық таныстырып, өнерлерін қобалжымай-ақ көрсетуді, актерлік және шешендік өнерді, пластиканы меңгеруді және өз әріптестері – студияның жас таланттарымен достасуды үйретеді. Актерлік шеберлікке икемделудің арқасында адам шығармашылық еркіндігіне, әрқилы әрі толыққанды тілдесуге жол ашады», – деп жалғастырды сөзін Майя Бекназар. Білім алудың қосымша үлгісі болғанына қарамастан студияға қатысушылар кәсіпқой әртістердің деңгейіне сай келуге мүмкіндік беретін дайындықтан өтеді.

Балалар тек дәріс алып қоймайды. Балалар хоры мен аспапшыларды жасы үлкен әртістермен бірге «Астана Опера» театрының опералық спектакльдерінің қойылымдары мен концерттеріне, сондай-ақ балалардың жеке спектакльдеріне қатыстыру жоспарда бар.

Өтініш astanaopera.kz сайтында ағымдағы жылдың 21 ақпанына дейін қабылданады.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А