"Астана Опера" театрында 10 мың астаналық оқушы қонақта болды

"Астана Опера" театрында 10 мың астаналық оқушы қонақта болды

«Астана Опера» театрының үш айда атқарған жұмысы нәтижесін берді. Бүгінде жаңа өнер шаңырағында экскурсияда 10 мың астаналық оқушы болып қайтты.

Оқушыларды өнер ордасына экскурсияға алып келу мәселесі Астана қаласының білім басқармасымен бірігіп шешілген болатын. Оқушылардың мектеп бойынша театрға бару кестесі құрылып, соған сәйкес күніне театрға 3-4 оқушылар тобы келіп қайтатын. Бүгінде «Астана Операда» Астана оқушыларының 60%-ы болды, солардың ішінде №2, 4, 5, 14, 19, 16, 20, 23, 59, 66, 70, 71, 1 мектептерінің оқушылары бар.

«Театр Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен тек әдемі қойылымдар жүргізу үшін емес, сонымен қатар әрбір адам осы тамаша ғимаратқа келіп, сәулет өнерінің керемет қолтаңбасына сүйсініп, сахна сыртына үңіліп, таң қалдырарлық сахнаның күрделі құрылымы мен техниканың заманауи шешімдерін көру үшін салынған. Әсем театрға келген балалардың талғамы болашақта жақсы болып қалыптасады», –  деп атап өтті «Астана  Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов.     

«Астана Опера» театры мұражайының меңгерушісі Құсайынова Априза балалар, олардың ата-аналары мен ұстаздары театрдың әсемдігін тамашалауға қуана келгендерін айтады. «Бізге тек астаналық оқушылар емес, Шымкент қаласының және Қосшы ауылының да балалары келді. Театрға деген қызығушылық күн санап артып келеді», – дейді Құсайынова.

Енді театр Қазақстан Республикасының барлық облыс орталығындағы балаларға өз есігін ашуға дайын.

Театр мұражайы қазақстандықтарға жаңа көрме дайындап жатқанын айта кеткен жөн. Мамыр айында болатын экспозицияда бүкіл ғұмырын Қазақстан өнерінің төріне арнаған атақты опера және балет әртістері, композиторлар мен суретшілердің костюмдері қойылады.

Экскурсия күніне екі рет 11:00 және 15:00-де қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүреді.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А