Менің театрым – менің мақтанышым...

Менің театрым – менің мақтанышым...

Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры – киелі өнердің алғашқы қарлығыштары қызмет еткен, тұңғыш кәсіби, мәдени-сахналық мекеме. Осыдан 88 жыл бұрын, яғни, 1926 жылдың 13-ші қаңтарында алғаш шымылдығын түрген киелі орданың қазақ өнерінің тарихында алатын орны тым ерекше. Театр санаулы күннен кейін кезекті қысын қарсы алғалы отыр. Бұл – бір ғана театрдың емес, қазақ театр өнерінің, мәдениетінің, драматургиясының мерекесі. Осынау айтулы мереке қарсаңында, әкемтеатр ақсақалдарының жылы лебізін, ақ бастасын оқи отырыңыздар...

Асанәлі Әшімов,  Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режисер, ҚР халық әртісі, КСРО, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты:

Сонау 1926 жылы, ескі жаңа жыл саналып кеткен он үшінші қаңтар күні Қызылордада ашылған театрымыз, 1929 жылы Алматы қаласына қоныс аударды. Театрдың сонан бергі тарихы ұзақ та қызық. Кейде өткенді еске алсам, кеудемді қуаныш кернейді, екінші жағынан арамыздан кеткен көпшілік замандастарымның әрқайсысын еске алған кезде жеке-жеке қасиеттері, өмірлері, мінездері есіме түсіп, кішкене мұңайып қалатын сәттерім бар.

Біз де сонау алпысыншы жылдардан бері осы театр қабырғасында жүрміз. Талай қызықтардың, талай қиыншылықтардың куәсі болдық. Өсу дәуірі болды. Сахандағы серіктерім Әнуар, Фарида, Есболған, Матан, Раушан... айналайындар, барлығы да құрдастарым, өкінішке орай, ерте кетіп қалды. Бұған келгенде өкінішім мол енді.

Міне, қарттықтың құшағына келе жатырмыз, қазір заман өзгерді, жастар келді. Мен сахнада анда-санда ғана бір ойнаймын. Бірақ жоспарламаға (планеркаға) келіп тұрамын. Жанымда Нүкетай, Сәбит секілді құрдастарым ғана қалды.

Театрыма жақсылықтан басқа еш нәрсе тілемеймін. Жастан жасқа жете берсін! Театр әрі қарай өмір сүретін болады, біз секілді актерлар келеді, қартаяды, кейін басқа актерға орын босатып береді. Әртүрлі жағдай болады. Дегенмен, мәңгілік ештеңе жоқ. Алайда, театрға адал қызмет етіп кетсең, соныңа театр да риза, халық та ризамыз. Жалпы қай сала болмасын, адал қызмет етіп шығуға тиіспіз. Біздің театр осындай адал қызметшілердің арқасында ғана биік дәрежеге көтерілді. Театр деген үлкен орда, қазына, киесі бар. Одан міндетті түрде тәлім-тәрбие алып үлгеру керек. Елді тәрбиелемес бұрын, әуелі өзіңді тәрбиелеп алу керек. Ал сахна адамды тәрбиелей алады. Сахна адамды тазартады, жақсартады, ағартады, пейілін кеңейтеді. Мен бұл жерде шын актерді айтып отырмын. Театр арқылы елмен қарым-қатынас жасай аласың...

Өмірге ешқандай ренішім жоқ, керісінше ризамын. Қазір артыма бір келелі дүние қалдырсам деген оймен, біраз нәрсе жазып жүрмін, алдағы уақытта театрдағы жылдарым туралы жазсам деген ой да бар...

Есмұхан Обаев, театр кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық әртісі, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор:

Қадірменді алматылықтар! Қадірменді біздің әсем қаламыз, дүние әлемінің гүліндей Алматымыздың, біздің театрымыздың көрмендері! Биыл қара шаңырағымыздың құрылғанына сексен сегіз жыл толып отыр.  Бұл театрда осы күнге дейін бірнеше буын жұмыс істеді. Қазақ өнерінің қарлығаштары Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақ, Серке Қожамқұлов, Шәкен Аймановтардан бастап, қазір төртінші буын өкілдері сахнада жүр. Қазақтың драматургиясын, қазақтың актерлік өнерін, қазақтың режиссурасының шыққан биігін дәріптеп келе жатқан, ұлттық театрға айналуға бел буған қара шаңырақтың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Мәдениеттің жетістіктерін дүниеге таратып жүрген, таныстырып жүрген ұлы театр. Осы ұлы театр үшін биыл мерекелі, берекелі жыл. Театр өз көрермендерін жаңа өзгерістермен, қуанышты сезіммен қарсы алып отыр. Әуезов театры – Қазақстандағы барлық театрлардың ішіндегі ең алдыңғы театр, бәрі де біздің шекпенімізден шыққан деп айтуға болады. Өйткені, мұнда ең алғашқы қарлығаштар, кәсіби актерлар, әлемге аты мәшһүр болған дарындар өнер көрсетті. Республикадағы барлық 54 театрдың атасы болғаннан кейін қара шаңырақ атанып кеттік. Бүгінгі туған күнді бүкіл қазақ өнерінің туған күні десек, қате емес.

Жалпы, театрда жүрген адамдардың барлығы махаббат әлеміне бой алдырған адамдар, ғашықтық сезімге байланған адамдар. Адамға да ғашық, рөлге де ғашық, табиғатқа да ғашық, қоғамға да ғашық, уақытқа да ғашық... Сондықтан, «ғашықтық» деген сөз театрда ең бірінші есіктің алдында қыстырулы тұратын лозунгі болу керек, жарнама болу керек. Жаны жайсаң, кең адам ғана театрда қызмет ете алады. Өзгенің қуанышына ортақтаса білетін, өзгенің қуанышын өзінің қуанышындай көретін, дарқан жанды, таза пейілді, кең құлашты адамдар театрдың сәнін келтіре алады. "Сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа" деген сөз бар. Актерлар ұжымына сарғайып жүріп жеткен жетістіктеріңіз ұзағынан болсын дегім келеді.

Театрдың туған күні құтты болсын! Есігіміз барлық көрерменге айқара ашық. Әркез сүйікті шаңырақтарыңызға келіп, классискалық, дәстүрлі, жаңа қойылымдарды көріп, театрдың тірлік-тыныса жүріңіздер. Театр сізді әр уақытта бас иіп қарсы алады.

Мышбаева Нүкетай, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері:

Биыл міне, он үшінші қаңтарда театрымыз туған күнін атап өткелі отыр. Ұжым болып құттықтағымыз келеді. Бұл күні бір-бірімізге жақсы сөз айтамыз, қуантамыз, жас дарындарымызды жақсылап мақтаймыз. Қазіргі жастарды мақтауға тұрарлық деп білемін. Біз үшін театр туған күні ерекше мереке. Менің осы шаңыраққа келгеніме 57 жылдай болды. Соның өзінде театрдан бақытымды таптым, атақ-даңққа бөлендім. Мен өз театрыма өте ризамын. Осы жерде немерелерімнің, балаларымның арасында шаттыққа бөленіп жүре бергім келеді. Сондықтан, театрдың бүгінгі иелеріне тілейтінім: Алтындарым, егемен елдің азаматтары, азаматшалары, білімді болыңдар! Бауырмал болыңдар! Сендерді осы театр шаңырағын әрдайым биікке көтеріп жүреді деп сенемін.  Ақшаның құлы емес, өмірдің, өнердің жанашыры бол, тек өз еңбегіңмен тапқан ақшаңды пайдаланып үйрен дегім келеді. Кейбіреулер ақшаның соңына түсіп, ұятын ұмытады, оған еліктеудің қажеті жоқ. Бойларыңдағы барлық дарынды театр үшін төгіңдер. Мейрамдарың, тойларың құтты болсын!

Сәбит Оразбаев, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері:

Он үшінші қаңтар – қасиетті қара шаңырағымыз Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының дүниеге келген күні. Бұл – тарихи күн. Осынау күні театр негізін қалаған арда ағаларымызды, аталарымызды еске аламыз, атап өтеміз. Олар туралы айтпасақ, кешірілмес ағаттық болар еді. Негізін қалауда өлшеусіз еңбек сіңірген Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Сайфулла Телғараев, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова сынды аға-апаларымыз  осы театрға тер төгіп, ыстығын да, суығын да бір көрді. Мұхтар Әуезов театрын өте жоғарғы деңгейге көтерді. Біз сол буынға мәңгі қарыздармыз. Енді сол кісілердің аманатын аман-есен алып келе жатқан біздің талантты жастарымыз мағыналы қойылымдарымен көреремендерге қызмет етіп жүр. Соңғы жылдары жаңалықтарымен ерекшеленіп, алыс-аймақтарға арнайы барып, қойылым тарту етіп, даңқы асқақтап жүрген Әуезов театрының туған күні құтты болсын!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: teatr-auezov.kz