«Астана Операсында» Рождество концерті өтпек

«Астана Операсында» Рождество концерті өтпек

25 желтоқсанда «Астана Опера» театрының камералық залында «Рождество әуендері» атты концерт өтеді. Кешке А. Ахметова мен Ә. Ыдырысовтың жетекшілігімен алғаш өнер көрсететін «Астана Опера» театралдық балалар студиясының әртістері қатыспақшы. Концертте рождествоға арналған әуендер мен бүгінгі композиторлардың өңдеуінен өткен жаңажылдық әндер шырқалады.

Мерекелік концертте опера солистері: Айгүл Ниязова, Салтанат Мұратбекова, Нарұл Тойкенов, Евгений Чайников, Галина Чеплакова, сондай-ақ симфониялық оркестр солистері: Бағдат Әбілханов, Любовь Ткаченко, Ажар Ғани, Александр Малиновский, Марат Зәкәриянов және «Астана Опера» театрының камералық оркестрі өнер көрсетеді.

Кеште тыңдарман назарына ұлы композиторлар: Г. Ф. Гендель,  Дж. Каччини, А. Жоливе, П. Масканидің әйгілі жауһарлары, сондай-ақ А.Серкебаев және О. Баадсвик сынды замандастарымыздың музыкасы ұсынылады.

Хор өнерін сүйер қауым үшін «Астана Опера» театрының камералық хоры өнер көрсетеді.   

Концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдинов дирижерлік етеді. Бұл күні, 25 желтоқсанда дүние жүзі бойынша дәстүрлі түрде Г. Ф. Гендельдің «Мессия» ораториясы үш ғасырға жуық уақыттан бері шырқалып келе жатқанын театрдың музыкалық жетекшісі атап өтті. «Әлемдік трендтен қалмас үшін біз де осы дәстүрді қолға алдық, енді жыл сайын бізде де осы күні бұл керемет туынды шырқалады. Мерекелік концерт ораторияның атақты «Аллилуйя» хорымен аяқталады», – дейді А. Мұхитдинов.  

«Біз аталған туындыны орындау арқылы католик отандастарымызбен бірге осы мерекені атап өтпекшіміз. Алайда, рождество әуендерімен қатар концертте жерлесіміз А. Серкебаев өңдеген жаңажылдық музыка да орындалады», – дейді Абзал Мұхитдинов.

Билетті театр кассасынан ала аласыз, бағасы – 1500 теңге. Концерт 1 сағат 15 минутқа созылады. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А