Қожаны сахнадан көргіңіз келсе...

Қожаны сахнадан көргіңіз келсе...

Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасында 2 және 3 желтоқсан күндері Астана қаласы жастар театрының ұжымы өнер көрсетпек. 

Театр 1963 жылдан бері отандық телеарналарымыздан бүгінге дейін көрсетіліп келе жатқан Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы «Менің атым Қожаны» сахнада жаңғыртты. Қарсақбаевтың фильмін сахнаға шығаруды көздеген театрдың бас режисері Нұрғанат Жақыпбаев спектакльді «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» деп атаған. Бұл сөйлем Т.Шапайдың Мұқағалидың сөзіне жазылған әнінде кездеседі. Жастар театрының репертуарындағы бұл спектакльдың тұсауы 2012 жылы кесіліп қойған. Жанры – сахналық повесть.

Рөлдерде:

Қожа – Дәурен Серғазин, Ербол Тілеукенов, Азамат Эсқұлов, Бекжан Керімбаев, Жандаулет Батай;

Жанар – Ғазиза Мұқан;

Жантас – Жандаулет Батай;

Сұлтан – Нұрлыбек Төлеген;

Майқанова апай – Диана Смағлова;

Қожаның анасы – Мәдина Жұмабаева;

Әжесі – Махаббат Мадғұлова;

Жанардың әжесі – Жанерке Хасенова;

Анфиса Михайловна – Әсем Қуанышбаева;

Пошташы – Бейбіт Құсанбаев;

Бригадир – Бақыт Қажыбаев;

Дәулет – Дәурен Серғазин;

Шал – Бейбіт Құсанбаев;

Спектакль кинофильмді толық қайталап қойып бермейді. Басты кейіпкерді бір емес бірнеше актер орындайды. Осылайша Қожаның Жанарға деген кіршіксіз шынайы махаббаты сахнада көрініс табады.

Сонымен қатар, 3 желтоқсан күні М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасында «Меккеге қарай ұзақ жол» атты қыр­ғыз­дың жазушы-дра­матургы Сұлтан Раевтың шығармасының желісі бойынша қойылып жүрген Нұрқанат Жақыпбаевтың спектаклі де көрсетілмек. Бұл қойылым 2011 жылы Алматы қаласында өткен ХIХ Республикалық театр фестивалінде Гран-При жүлдесін иеленген.

Бұлардан өзге театрдың репертуарында Ғ. Мүсіреповтің «Қозы мен Баяны», Ш. Айтматов пен Ә. Кекілбаевтың  «Шыңғысханы» (2010 жылы өткен III Халықаралық Орталық Азия елдері театр фестивалінің лауреты), Ш. Айтматовтың «Жан азабы» спектаклі (2008 жылы Бішкекте өткен Халықаралық Арт-ОРДО театр фестивалінің Гран-При жүлдегері), Гогольдың «Ревизоры» (2012 жылы Оралда өткен ХХ Республикалық театр фестивалінің Гран-При жүлдегері), Т. Миңнуллинның «Дилляфруздың төрт күйеуі» спектаклі, Д. Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» спектаклі, С. Дүйсенбиевтің «Махаббат миниатюралары» спектаклі, Л. Бернстайнның «Ветсайд оқиғасы» спектаклі, П. Мерименің «Кармені», Н. Оразалинның «Шырақ жанған түні», М. Левидің «Жер мен көктің арасы» спектаклі, В. Шекспирдің «Асауға тұсауы», «Ұр тоқпақ» ертегісі, В. Орловтың «Алтын балапаны», Ә. Файзуллинның «Ұй таңдаған лағы» және Ю. Алесиннің «Золушкасы» бар.

Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлектерiнен  кұралған бұл театрдың өнерде өмір сүріп келе жатқанына 7 жылдың ғана көлемі болса да, олар бірталай асуды бағындырып үлгерді. Жастар театры 2007 жылдың 6 шілдесінде құрылып,  ең алғаш рет «Шыңғысхан» спектаклін сахналаған болатын.

«Жастар» театрының басқа театрлардан ерекшелігі – халық жадында сақталған көне жауhарларымызды әлі де жаңғыртып, оны жастарға тез өтімді ету үшін фольклорлы мюзикл жасап, пластикамен көрсетеді. Басқа да театрларда сахналанып келген «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» пьесасына мюзикл жасаған да осы «Жастар» театры.

Осы уақытқа дейін талай театрларда сахналанған «Кармен» бұл театрдың да репертуарында бар. Бірақ мүлдем өзгеше бағытта қойылады. "Ревизор", "Махаббат миниатюрасы" және т.б қойылымдарды сахналап жүрген театр әртістері жалындаған жастық шабытқа ие. Өмірде болған әр оқиғаны өз көңілдерінің сүзгісінен өткізіп, сахнаның киесін ерекше сезінеді.

Балалық шаққа сахна арқылы саяхат жасап, әйгілі отандық композиторлардың әуендерімен әрленген әдемі қойылымның куәгері болып, сахнадаға «тірі» Қожамен және Астана Жастар театрының тынысымен танысқыңыз келсе, 2 желтоқсан күні  М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының табалдырығын аттаңыз. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет автордан

А. Әбілхан