Қара шаңырақ гастрольдік сапарға шықты

Қара шаңырақ гастрольдік сапарға шықты

Сексен сегіз жылдан бері қазақ мәдениетінің ошағына айналып, көрерменін рухани нәрлендіруден жалықпай келе жатқан М. Әуезов атындағы академиялық драма театр ұжымы тәуелсіздік алғалы еліміздің көптеген аймақтарына гастрольдік сапар жасап келеді.

Шығармашылықтың бұл жолғы сапары Алматы облысы, Текелі қаласы мен Ескелді аудандарына бағытталған. Екі күнге жалғасатын шара барысында актерлер «Отыз ұлың болғанша» және «Жүрейік жүрек ауыртпай» қойылымдарын көрермен назарына ұсынатын болады.


Ерлан Біләл, М. Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасары:

– Біз бүгін Алматы облысындағы Текелі қаласына жол жүріп бара жатырмыз. Мемлекетіміздің 2012-2020 жылдар аралығында 27 моноқаланы дамыту бағдарламасы іске қосылған болатын, осыған орай, театр басшылығы аталған қала әкімшілігімен мәдени шара өткізуге келісім жасады. Міне, бүгін театрымыздың актерлері, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұқан Есбайұлы Обаев бастап, Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков, халық әртісі Торғын ТасыбековаНүкетай Мышбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Рәшида Хаджиева, Баян Имашева, Шәмшәгүл Меңдиярова, Ғайникамал Байқошқарова, Оразхан Кенебаев, Омар Қиқымов сынды азаматтар гастрольдік сапарға шықты. Екі күнге жалғасатын мәдени шара барысында Текелі қаласының тұрғындарына Флория Гуляковтың Толымбек Әлімбекұлы қазақшаға аударған «Отыз ұлың болғанша» комедиялық қойылымын ұсынамыз. Ал Ескелді ауданы жұртшылығына қырғыз драматургі Бексұлтан Жәкеевтің Әшірбек Сығай аударған «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектаклін қоямыз. Сонымен қатар, БАҚ өкілдеріне іс-сапар барысынан арнайы ақпарат таратып отыру үшін театрымыздың баспасөз қызметінің мамандары да сапарға бірге шығады.

Театрдың баспасөз қызметі Massaget.kz-ке сапар барысында түсірілген суреттерді жолдаған екен:

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: М. Әуезов театрының баспасөз қызметі




ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Құсбегілер бәсі
Marhaba Sabi - Marsqa
NINETY ONE - QIYALMAN