Отандастарымыз "Arena di Verona" театрында Халықаралық сайыста жеңіске жетті

Отандастарымыз "Arena di Verona" театрында Халықаралық сайыста жеңіске жетті

Қарашаның 4-і мен 10-і аралығында Италиядағы Верона қаласында Опера әншілерінің үлкен халықаралық сайыс өтті. Қазақстан намысын бұл сайыста «Астана Опера» театрынан үш солисі: Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев және Әлфия Кәрімова қорғады, олар Джакомо Пуччинидің «Богема» және Гаэтано Доницеттидің «Мария Стюарт» операларының партиясын орындап, жеңіске жетті.

Arena di Verona – әлемдік операның танымал әншілері өнер көрсететін жер. Ғимарат акустикасының ерекшелігінің арқасында мұнда жыл сайын опералық фестивальдар мен халықаралық конкурстар өткізіледі.

Байғожин Сүндет өз номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді. Шотабаев Медет те өз номинациясы бойынша бірінші орынды иеленіп, партияны орындау жеңісіне қол жеткізді. Кәрімова Әлфия аталған конкурстың лауреаты атанды. Әртістер конкурс соңында финалдық гала-концертке қатысты.

Аталған конкурстың лауреаттары сыйлық ретінде осы театрда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Байғожин мен Шотабаев 2014 жылы 19 наурызында Arena di Verona Қыстық залында «Богема» операсының басты партияларын орындайды, ал Әлфия Кәрімова осы театрда «Мария Стюарт» операсына қатысады.   

Барлық номинациялар бойынша сайысқа 50-ге жуық адам қатысты. Бірінші кезекте дауыс сапасы бағаланған. «Құрамына 5 адам кіретін қазылар алқасы осы конкурс арқылы операларға каст жинады. Оңай болған жоқ, дегенмен тырыстық. Құзыретті әділ қазылар алқасының мүшелері Қазақстанда осындай жақсы опералық мектеп барына таңғалды. Paolo Gavazzeni мырза менің даусыма қатты таңғалғанын айтты, шынымен де менікі таза жеңіс болды. «Астана Опера» солисттері үшін бұл үлкен жеңіс, себебі әнші үшін ең бастысы – нағыз операда шырқау», – дейді Байғожин.

«Қатысушылар түрлі ұлт өкілдері болды, бірін-бірі қолдап, өз бәсекелестерінің жеңісі мен жетістігі үшін шын жүректен қуанып жатты. Маған көптеген еуропалық агенттіктерден әріптестік жөнінде ұсыныстар түсті, алайда мен олардан бас тарттым, мен «Астана Опера» театрының орындаушысы болып қала беремін. Жеңісімді Қазақстанның басты театрына және өмірден озғанына 2 жыл болған ұстазым  – Қанат Әбдіқадыровқа арнағым келеді», – деп толықтырды Сүндет Байғожин. 

Arena di Verona бас директоры Francesco Girondini мырза «Астана Опера» театрымен әріптестік құруға қызығушылық білдірді. Arena di Verona қорының Әртістік директоры Paolo Gavazzeni үздік солисіміз Сүндет Байғожинді болашақта осы театрда орындау мақсатында Сесиль (баритон) партиясының тыңдалымына шақырды.

Айта кетсек, Arena di Verona – біздің дәуіріміздің бірінші ғасырында салынған көне рим амфитеатры. Италияда бұл құрылыс орны Арена деген атпен белгілі, көлемі жағынан бұл Веронадағы римдік құрылыс нышандары Колизей мен Санта-Мария-Капуа-Ветерадағы амфитеатрдан кейінгі үшінші орында және оған 16000 көрермен сыяды.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А