"Астана Опера" театрына оқушыларға арналған экскурсия

 "Астана Опера" театрына оқушыларға арналған экскурсия

«Астана Опера» театры Астана қаласының 5-10 сынып аралығындағы оқушыларға театр бойынша тегін экскурсия өткізіп жүр. Балалар жаңа өнер шаңырағымен танысып, сахна сыртын тамашалап, үлкен қозғалыс механизміне көз жеткізіп, театрдың мұражайы мен камералық залын көре алады. 

Алғашқы болып «Астана Операны» 4 қараша күні 59-мектеп оқушылары тамашалады. Балалар Ресейдің Үлкен театрынан әкелінген экспонаттарды қызығушылықпен қарап шықты. Оқушыларға театрдың басты залы көрсетіліп, сол жерде олар бір-екі нотаны дауысқа салып та көрді, ал театрдың камералық залында оқушылар француздық және итальяндық шеберлер салған суреттерді тамашалады.

«Астана Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов оқушыларға тегін экскурсия ұйымдастыру жобасының мақсаты жас қазақстандықтарды тәрбиелеу, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында мәдени, этикалық және эстетикалық құндылықты қалыптастыру екенін атап өтті. «Басты мақсат – балаларды қызықтыру, олардың бойында театрға деген сүйіспеншілікті, театрлық өнерді түсіне алатындай талғам қалыптастыру, балалар осы бір асқақ өнерге атсалысу үшін эмоциялық-психологиялық жайлылықты қамтамасыз ету», дейді Мұхамеджанов.

Экскурсия сейсенбі мен жексенбі аралығында өтеді. Бұл күндері экскурсия күніне екі рет болып, әр топ 40 адамнан құралады. Экскурсия уақыты: 11.00 -12.30, 15.00-16.00.

Көлік шығыны мен балаларды театрға жеткізуді Астана қаласының білім басқармасы өз жауапкершілігіне алды. Болашақта театр мұндай экскурсияны ниет білдірген Республика оқушыларына да өткізеді. 

Астана оқушылары, әлемдік деңгейдегі театрдың жұмысын бақылау мүмкіндігін қалт жібермеңіздер!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А