Қайран, Қобыландының қарындасы-ай...

Қайран, Қобыландының қарындасы-ай...

"Қобыландының қарындасы" – актер Асанәлі Әшімовтың сахна саңлағы Бикен Римоваға ерлікке, батылдыққа, даналыққа толы рөлдері үшін берген аты екен. Асағаң кеше әкемтеатрдың сахнасына шығып, өнердегі ұстазын осы есім арқылы еске алды. Ол ғана емес, Бикен Римованың еске алу кешіне келген дүйім жұрттың барлығы да ерекше тебіреністе еді. Әсіресе, театрдың екінші, үшінші қабаттарында орындардың жоқтығына қарамай, кеш бойы үнсіз ғана тұрып, ыстық естеліктерді тыңдаған жастардың әрекеті бәрімізді сүйсіндірді. Өнер иесі үшін бұдан асқан қандай бақыт бар?

Ең алғаш болып көрермен алдына шыққан ақын, драматург Иран-Ғайып өзінің "Би-жеңешесіне", "Би-апасына", "Би-анасына" деген ыстық сағынышы мен тәтті естеліктерінен сыр шертіп, өлең жолдарын арнады. Бикен Римова өмірінің соңғы жылдарында Болат Атабаевты ертіп, Иран-Ғайыпқа барады. Актриса: "...О дүниеге қайтар күнім жақындағандай, оны ішім сезіп жүр. Мен соңғы рет болсын халқыммен, көрерменіммен қоштасып қалғым келеді. Інім, қайным, шәкіртім ретінде болсын, сен маған қоштасу ретінде бір қойылым сценариін жазып бер. Мен саған сенемін, бұл сенің қолыңнан келеді" дегенді айтып, қолқа салады. Драматург ойлана келе, атақты "Естай-Қорлан" пьесасын жазып шығады. Бикен апай осы қойылымда екі-үш рет ойнайды да, қатты науқастанып, қайтыс болады.

Киелі сахнада ең алғаш Еңлік болып келіп сәлемдескен актриса, Қорланның "Аққу әнін" айтып қоштасты...

Бикен Римова 1923 жылы Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, қазіргі Қанабек ауылында дүниеге келген. Нағыз балғын, балалық кезі ауыр дертпен, ылғи да сабылып, көшіп-қонумен жол үстінде өткен. Бөрілтөбе орта мектебінде төртінші сыныптан бастап көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. 1938 жылы Алматыдағы республикалық олимпиаданың жүлдегері ретінде аталған. 1939 жылы орта мектептің жетінші сыныбын бітірген соң, Алматы есеп-кредит техникумының экономика факультетіне түседі. Театр өнерінің құдіретті күші баураған Бикен жарты жылдан кейін бұл оқуды тастап, 1941 жылы Театр-көркемсурет училищесіне түседі. Оқи жүріп, «Абай» қойылымындағы көпшілік сахнасына қатысады. Бұл Б. Римованың театр табалдырығын ең алғаш аттаған кезі болатын.

Театр училищесінде оқып жүргенде шешесі Ығыш ауырып, қайтыс болады. Әкесінен жеті жасында, шешесінен он жеті жасында жетім қалған Бикен Римова өмір ауыртпалығын көп көргендіктен, ерте есейеді. Актриса бұл туралы естеліктерінде жиі айтады.

Өмірінің 60 жылға жуығын театр өнерін дамытуға арнаған. М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының бүгінгі қол жеткізген биігі мен дәрежесінде Б. Римованың да еңбегі зор. Ол осы театрдың сахнасында қазақ және шетел жазушылары шығармаларының 80-ге жуық рөлін сомдаған. Олардың ішінде М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлік, «Қарагөзіндегі» Маржан, Ш. Айтматовтың «Ана – Жер-Анасындағы» Жер-ана және «Ақ кемедегі» Кемпір, Ә. Тәжібаевтың «Майрасындағы» Майра, Мольердің «Сараңындағы» Элиза, Н.В.Гогольдің «Ревизорындағы» Пошлепкина,  Ш.Хұсайыновтың «Алдаркөсесіндегі» Меңсұлу, «Сырымбет саласындағы» Зылиқа, О.Иоселианидің «Арбаң аман болсынындағы» Касария, Ә. Кекілбаевтың «Абылай ханындағы» Ботагөз, өзі жазған «Қос мұңлықтағы» Күнзипа, И. Оразбаевтың  осы кісінің өзіне арнап жазған «Естайдың Қорланындағы» Қорлан бейнелері талай ұрпақ өкілдерінің есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Бикен Римованың қазақ кино өнерін дамытудағы еңбегі зор. Қазақ киносындағы «Шабандоз қыз», «Менің атым – Қожа», «Ана туралы аңыз», «Тақиялы періште», «Ақ аруана», «Махаббат туралы дастан», «Абай», «Ұлдың оралуы», «Ай астындағы үй», «Адамдар арасында бөлтірік» тәрізді 20-дан астам фильмі арқылы есте қаларлық драма, комедия  бейнелерін сомдады. 

Қазақтың ең алғашқы көпсериялы «Тоғысқан тағдырлар» телефильмінде Нұрбибі бейнесі арқылы ол көпшілік көрерменнің көзайымына айналды.

Ол біз жақсы танитын Қожаның ғана емес, өнердің, театр өнерінің, театр өнерпаздарының анасына айналды. Бикен Римованың осындай өмір жолын баяндаған Алматы облысы мәслихатының хатшысы Келімсейітов Е. Талдықорған облысы әкімінің бастамасымен шығарған Бикен Римова туралы альбом-кітапшаны Қазақ Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының басшысы Еркін Тілеуқұлұлына табыс етті.

Белгілі қоғам және өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, актердің сахналас болған әріптестері, туыстары, көрермендері жиналған кештің екінші бөлімінде актриса туралы деректі фильм көрсетіліп, үшінші бөлімінде Талдықорған облысындағы Бикен Римова атындағы театр өнерпаздары "Қос мұңлық" атты қойылымды ұсынды. Қойылымның авторы да – Бикен Римова.

Ғұмырында бір ғана театрға адал болып, әр алуан әйел бейнесін сәтті жасай білген ұлы актриса қазақ өнері өлмейінше мәңгі жасай беретіндігіне кәміл сенімдіміз. 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:teatr-auezov.kz