"Астана Операның" әлемдік тұсаукесері қалай өтті?

"Астана Операның" әлемдік тұсаукесері қалай өтті?

"Астана Опера" театрының әлемдік тұсаукесері өткен аптаның басты оқиғаларының бірі болды. 21-24 қазан аралығында тұсаукесерге арналған төрт күндік мерекелі кеш өтіп, бұл күндері жаңа өнер шаңырағының астына әлемге танымал 25 елден келген дирижер, қоюшы режисерлар, опера әншілері, театр директорлары мен әлемдік театр сыншылары жиналды. Өнер саласының майталмандарымен қатар, театрға Астананың зиялы қауымы мен Белинджери Маркиздер, Торлония ханшайымы Олимпия Вейлер, Стефан Блок, Анна Майами сынды шетелдік ақсүйек отбасылары да келді. Бұл туралы Massaget.kz порталына театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

21 қазанда театр италиялық шебер Пьера Луиджи Пицци қойған Дж. Вердидің "Аттила" операсының тұсауын кесті. Тұсаукесерге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Осы қойылымнан алған  әсерлерін өзге елдерден ат арытып келген құрметті қонақтар былай жеткізді: 

Валерий Гергиев, дирижер:

Тамаша ұжымға, жалындатып ойнайтын жігерлі жас оркестрге, тамаша хорға осы шаңырақ сәттілік әкелсін. Балет труппасына, опералық топқа, техникалық мамандарға, әкімшілікке осыншама техникалық еркіндікте, қаншама репетиция залы бар осындай кең ғимаратта керемет репертуармен толығуды тілеймін. Біз бәрін араладық, театр таң қаларлықтай тамаша, мен бұны күні кеше Санкт-Петерборда театр ашқан адам ретінде айтып тұрмын, ол да жаңа театр. Бұл жерде мәдениетке қалай көңіл бөлетінін білемін, өткен жолы келгенде Астана мен Алматыда қонақта болдық.

Елена Образцова,  Ресейдің опера әншісі:

"Астана Опера" – сәулеті керемет театр. Суретшілер ғажап екен, ложалар тамаша, мен бақыт құшағында тұрмын. Операға келсек, ол жоғары еуропалық деңгейде, тамаша өтті. Ерлердің де, әйелдердің де хоры ғажап. Елдар Әбдіразақов пен Анна Маркарова биіктен көріне білді, әсіресе маған Жан Тапин ұнады. Ол италия тілін өте жақсы меңгерген екен. "Астана Опера" театрының болашағы зор.

Алексей Садовский, музыка сыншысы:

"Астана Опера" театрының басшылығы Дж. Вердидің италиялық операсын бүгінде қалай қою керектігін жақсы білетін көрнекті режисерді шақырғаны дұрыс шешім болған. Бұл жерде бірнеше қосылғышты байқап, бәрін жақсы үйлестірген. Актерларға нақты тапсырма берілген, ал мен бүгінде әнші мен актер ұғымын бөліп қарамаймын. Бүгінгі Елдар Әбдіразақов, Анна Маркарова сияқты актерлар, жарқыраған бас пен жарқыраған сопрано кез келген күрделі көркемдік тапсырманы орындауға қабілетті. Мен оларды тыңдап отырып, олар үшін қуанышты болдым. Және де, әрине, маэстро Гергиев – жоғары класс музыканты. Осындай тұлғалардың бір жерде тоғысып, осындай күнде бірігіп өнер көрсетуі театрдың ашылуын сәтті етеді.
   

Бұлардан өзге, "Ковент Гарден" корольдік театрының төрағасы Саймон Роби де жаңа театрға сүйсінгенін жеткізді. "Астана Опера" өте әдемі. Мен акустикасы мен сахнасына қатты қайран қалдым. Осындай үлкен сахнадан қойылымды тамашалайтын қазақстандықтардың бағы бар. "Астана Опера" әсем әрі жинақы, ұлы опералық театр үшін ең керегі де осы. Мені бірнеше жайт таң қалдырды, олар: әншілердің Лондон немесе Нью-Йорктегідей орындау шеберлігінің жоғарылығы, сонымен қатар жас оркестр. Жас оркестрмен өте күрделі туындыны орындап шыққан маэстро Гергиев – тамаша дирижер. Бәрінен де хор ерекше әсер қалдырды. Театрдың атмосферасы керемет, көрермен операны тыңдап рақаттанды. Бұл кеш "Астана Операның" көрерменге сахнада қойылып жатқан барлық эмоцияны сезіндіре алатын ұлы театр болатынын дәлелдейтін салтанатты кеш болды. Жаңа театрдың дүниеге келуі зор оқиға, Қазақстанның мақтан тұтатындайы бар", – деді ол.

Дыбыстың таза және сапалы екенін, хор мен оркестрдің әлемдік стандартқа сай өте жақсы орындағаны, әртістердің асқан шеберлігі мен жоғары кәсіпқойлығы жайлы "Ковент Гарден" корольдік театрының техникалық директоры Стефано Паче, "Опера Актуаль" директоры Фернандо Санс Ривьере, Сербия Ұлттық Опералық театрының солисті Бронислав Ятиш те айтты. Испандық журналистердің бірі, "SCHERZO" журналының өкілі Франко Сода "Астана Опера" театры сыртынан қарағанда әлемдік театрларға ұқсайтынын, ал ішіндегі мәскеулік театрдағыдай бағаналар әсер қалдырғанын, бұндай үйлесімділікті еш жерден көрмегенін жеткізді. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: peoples.ru, newslab.ru, "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі

М. Оңғарова