"Астана Операда" театр өмірге келеді

"Астана Операда" театр өмірге келеді

2013 жылдың 24 қазанында "Астана Операда" "Театрдың өмірге келуі" атты үлкен гала-концерт өтеді. Бұл туралы Massaget.kz порталына театрдың баспасөз қызметі хабарлады. 

Әсерлі бейне пайдаланылатын театрландырылған шоу көрерменді әлемнің пайда болған шағына апарып, бүгінгі күнге қайта алып келеді. Көрермен жаңа үлгіде дүниеге келген әлемдік музыкалық театр жауһарларымен танысады. Бұл күні әлемге әйгілі классикалық шығармалармен қатар, бұған дейін Қазақстанда ешқашан орындалмаған музыка шырқалады. "Біз өмірге келген театрды көрсетіп, осы айтулы оқиғаға куә боламыз", - дейді "Астана Опера" театрының опералық труппасының көркемдік жетекшісіТатарстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері Гюзель Хайбулина. Сондай-ақ кеш бағдарламасында ұлттық репертуардан да шығармалар орындалады.

Концертте театрдың шығармашылық элитасы өнер көрсетеді. Олар: Медет Шотабай, Жаннат Бақтай, Айгүл Ниязова, Әлфия Кәрімова,  Гүлзат Дауырбаева, Дина Хамзина, Талғат Мұсабаев, Сүндет Байғожин және тағы басқа өнер өкілдері. 

Сонымен қатар гала-концертке театрдың үздік қойылымдарының жарқын көріністерінен қайталанбас балет шоуын әзірлеген "Астана Опера" балетінің жұлдыздары қатысады.

Кеш бойы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың басқаруымен "Астана Опера" симфониялық оркестрінің орындауындағы музыка шырқалады.

Билетті тек "Астана Опера" театрының кассаларынан алуға болады.

Басталуы: 19:00.

"Астана Операда" кездесейік! 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: Ювижн.кз

М. Оңғарова