Қуыршақ театрларының үздік қойылымдары анықталады

Қуыршақ театрларының үздік қойылымдары анықталады

Алматыға әлемнің 13 қуыршақ театры қонаққа келеді. Қыркүйектің 15-і күні Тұңғыш Президент саябағында ІІІ Халықаралық қуыршақ карнавалы - Puppet Carnival 2013 ашылады.

Алматы қаласы мәдениет басқармасы мамандарының хабарлауынша, дәстүрге айнала бастаған халықаралық карнавалға Иран, Италия, Испания, Израиль, Румыния, Ресей, Тәжікстан елдерінен 13 ұжым қатысады. Спектакльдер Мемлекеттік қуыршақ театры сахнасында қойылады. Шараның салтанатты ашылуы кезінде театр ұжымдарының көңілді шеруі болады, оған карнавал костюмін киген кез келген алматылық қатыса алады. Қыркүйектің 21-і күні фестивальдің үздік қойылымдары мен ұжымдары анықталады. Бас жүлде - 10 мың доллар. Биыл қазылар алқасы құрамына Испанияның Толоса қаласында өтетін TITIRIJAI халықаралық қуыршақ фестивалінің негізін қалаушы өнер қайраткері Мигель Аррече, Қуыршақ театрлары халықаралық одағының (UNIMA) Даниядағы президенті Ханс Хартвич-Мадсен, музыкант, композитор Марек Журавский және Омбы мемлекеттік қуыршақ театрының директоры, UNIMA-ның Ресей орталығы кеңесінің мүшесі Станислав Дубков еніп отыр. Шараның басты мейманы - қуыршақ театрының белгілі қайраткері, италиялық танымал әртіс Гаспаре Насуто. Puppet Carnival 2013 - Алматы қаласы күнін мерекелеу аясындағы кезекті шара.

Тамыздың 23-інде басталған мерекелік шаралар легі қыркүйектің 23-іне дейін созылады.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: indonesia.travel

А. Құлтай